Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Ерлан Абдукадиров пен полиция аға лейтенанты Дилмурад Тойчибаевтар, түнгі уақытта ауыл ішінде бос, қараусыз жүрген жылқыны байқап, оны ұстап алды. Мұндағы мақсат жылқының ұрылардың қолына түсіп қалуынан сақтау мен жолға шығып кетіп қандай да бір жол апатын жасауының алдын алу.
Осы бағытта өзгенің жылқысын жетектеген полицейлер оны бөлімге жеткізді. Содан бірден үй жануарының иесін табу бағытында қызмет атқарды. Жеделдетілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, таңертең Сайрам АПБ-нің қызметкерлері жылқының егесін анықтап, оған ескерту жасады. Ал жылқысы табылған Сайрам ауданының тұрғыны полицейлердің қырағылықтары мен жауапкершіліктеріне алғысын жаудырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Жылқым ауламдағы қорада тұрған еді, қалай сыртқа шығып кеткенін білмедім. Десекте малымды тауып, оны қауіпсіз жерде ұстаған полицейлерге рақмет!»-деп атап өтті тұрғын өз сөзінде. Ал полиция қызметкерлері ауыл тұрғынына, үй жануарларын қараусыз қалдырмауға, алдағы уақытта өте сақ болуға кеңес берді.