Ордабасы аудандық полиция бөліміне Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, оның қарамағында жұмыс істейтін шопаны құны 1 миллион теңге болатын 5 бас асыл тұқымды қошқарларын рұқсатсыз сатып, өзі қашып кеткен. Бұл жайында жәбірленушіге танысы хабарласып, қойлары қараусыз жүргенін жеткізгенде бірақ біледі.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеді. Осы қылмысқа байланысты тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Куәлардан сұрастырып, жан-жақты тексеру жүргізді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы Алматы қаласына қашпақ болған шопан дер кезінде анықталды.
Ол полиция бөліміне жеткізіліп, орын алған жайттың ақ-қарасын ажырату мақсатында жауап алынды. Анықталғандай, күдікті Өзбекстан Республикасының азаматы 1 жылдан бері жәбірленушінің қойларын бағып жүрген. Алайда осы жолы тұрғынның 5 бас қошқарын таныстарына сатып, қалған малдарды қараусыз қалдырып, өзі бой тасалаған. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Айғақты зат ретінде талан-таражға түскен малдар алынып, заңды иесіне қайтарылды.