Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Түркістан облысының полицейлері ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Түркістан облысының полицейлері ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2022 жылдың 9 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті. Оған Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, оның орынбасарлары, департамент аппараты мен қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.
Түркістан облысының полицейлері атқарған жұмыс қорытындысы жөнінде ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев баяндама жасады.
Ол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар іске асырылғанын атап өтті.
Мәселен ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша көшелерде жасалған қылмыстар төмендеген. Патрульдік полицейлермен қылмыстарды «ізін суытпай» ашу көрсеткіші 3,7%-ға өсті. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 3%-ға азайды. 3412 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның ішінде 504 адамға қатысты сот ерекше талаптар қойды. Профилактикалық іс-шараларды өткізудің нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 19,4% -ға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 21%-ға төмендеді.
Полиция қызметінің маңызды бағыты — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта атқарылған шаралар нәтижесінде республикалық маңызы бар трассалардағы жол-көлік оқиғасы 24%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға, ал зардап шеккендер саны 8%-ға төмендеді. Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 763 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері жол апатын азайту мақсатында «дрондардың» көмегін пайдаланып, екі күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 45 жайтын анықтады, оның ішінде 28-і қарсы жолаққа шыққандар. Автокөлік жүргізушілеріне 1,5 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 9 айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7960 шетелдік пен ҚР азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 2558-іне ескерту жасалса, 4255-іне әкімшілік айыппұл салынды. Ал 664 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. 378 шетелдік елден шығарылды.
Кеңес соңында облыстың бас полицейі құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басым мақсаттар мен міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ қылмыстарды ашу бойынша жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аударды. Жиналыста айтылған барлық мәселелер бойынша тиісті бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілді.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*