02.11.2022 жылы Қазығұрт АПБ-ға Алматы-Термез тас жолы «Қазығұрт асуында» жол апаты орын алғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Анықталғандай, патрульдік полиция батальонының қызметкері терезесін күңгірттеп алған «Mercedes-Benz Е-350» маркалы көлігіне әкімшілік шара көріп тұрған сәтте, Шымкент бағытына қарай кетіп бара жатқан «Лада 21015» маркалы автокөлігінің жүргізушісі абайсызда артынан келіп соққан.
Өз кезегінде «Mercedes-Benz Е-350» көлігі өзінің алдында тұрған полицейдің «KIA RIO» маркалы қызметтік көлігіне соқтығысқан. Осылайша бірнеше көлікке материалдық шығын келтірілді. Адам шығыны жоқ. Жол апаты салдарынан «Лада 21015» көлігінің жүргізушісі мен 2 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен орталық ауруханаға түсті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеуге алынды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Жалпы күн суытып, ауа райы қолайсыз болған сәтте жол-көлік оқиғалары жиілеп кетеді. Осындай олқылықтардың алдын алу, болдырмау мақсатында Түркістан облысының полицейлері профилактикалық шараларды ұдайы іске асырып отырады. Жол апаты жиі болатын аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, патрульдеу жұмыстарын атқарады.