Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » «Кәсіпкерлердің құқығын бұзғандар қатаң жазаланады»

«Кәсіпкерлердің құқығын бұзғандар қатаң жазаланады»

Түркістандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында облыстық прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Оның ішінде, әсіресе, қылмыстың алдын алу, бизнесті қорғау, әкімшілік айыппұл өндіру бағытында оң нәтижелер бар. Біз жыл бойғы шаралардың қорытындысы, қадағалаушы органның алдағы міндеттері жөнінде облыс прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Жомарт Нұрғалиұлымен облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Д.Тұрсынұлының мақаласын жариялауды жөн көрдік. 
– Жомарт Нұрғалиұлы, осыдан екі жыл бұрын ел Президенті қылмыстық процесті жүргізудің жаңа моделін құру туралы тапсырма берген еді. Бүгінде бұл модельді қалыптастыру жұмыстары елімізде қарқынды жүргізіліп жатыр. Айтыңызшы, жаңа модельдің артықшылығы, қоғам үшін тиімділігі неде?
– Жалпы, қылмыстық процесс дегеніміз не? Алдымен әңгімені осыдан бастайық. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл қандай да бір қылмыс жасаған адамды табу, тергеу, дәлелдемелерге сүйеніп, кінәлі немесе кінәсіз екендігін анықтау, кінәлі екендігі дәлелденсе, заңға сәйкес сотта жауапқа тарту. Осы жұмыс енді «үш буынды» деп аталатын жаңа модельге көшіп отыр. Өзгерістердің мәні неде? Жаңағы үш буынның біріншісі – тергеу орындары, екіншісі – прокуратура, ал, үшіншісі – сот. Жаңа модель олардың өкілеттіктерін нақты ажыратып берді. Тергеу органдары дәлелдемелер жинап, қылмысты ашумен айналысса, прокуратура атқарылған жұмысқа баға беріп, қылмыстық істі сотқа жолдау немесе қайта тергеуге жіберу қажеттілігін анықтайды. Ал, сот істі қарап, үкім шығарады. Нәтижесінде бұл кінәсіздердің сотталып кетпеуіне, нақты қылмыс жасаған адамдарды әшкерелеуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді.
– Сонымен үш буынды модельдің артықшылықтары түсінікті. Дегенмен, өзіңіз де білесіз, прокуратура органдарының жұмысына халық тарапынан арагідік болса да сын айтылып жатады. Әсіресе, қарапайым халықтың «Құқығымыз жиі бұзылады» деген шағымдарын да жиі естіп жатамыз… 
– Прокуратураның Ата Заңда көрсетілген кез келген мәселемен айналысатынын білесіз. Сол себепті, облыстық прокуратураға әділдік іздеп, заң аясында көмек сұрап келетін тұрғындардың қарасы қалың. Олар көбіне құқықтарының бұзылғандығына, заңды мүдделерінің еленбегеніне шағымданады. Осы ретте жыл басынан бері 251 828 адамның құқығы қорғалғанын айта кеткен жөн. Мәселен, прокурорлық тексеру барысында ас мәзірінен қажетті дәрумендерге бай өнімдерді алып тастаған 31 мектеп пен 1375 балабақшаны анықтадық. Олар заң талаптарын өрескел бұзып, осы арқылы 38 662 баланың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берген.
Сонымен қатар медициналық тексеруден өту кезінде 20 844 педагогтың еңбек құқықтарының бұзылу фактілері анықталды. Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде осы мақсаттарға биыл бюджеттен 16 млн.теңге бөлінді.
Бұдан бөлек, облыс прокуратурасы 18 662 мүмкіндігі шектеулі азаматтың құқығын қорғады. Атап айтар болсақ, облыстық прокуратура мүгедектердің құқықтары мен бостандықтары, заңды мүдделерін қорғау мақсатында Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына тексеріс жүргізіп, нәтижесінде мүгедектердің құқықтары өз деңгейінде сақталмайтыны анықталды. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтінімдерін қанағаттандырудан бас тартып, мүгедектікті оңалтуға қатысты бағдарламаның орындалуына кері әсерін тигізген.
Ал, арнайы жүріп-тұру құралдарына мұқтаж кәмелетке толмағандардың тіркелген өтініштерін зерделеу барысында кресло-арбаларға берілген өтініштер әлі күнге дейін порталға жолданбаған. Осының салдарынан мүмкіндігі шектеулі азаматтар арнайы жүріп-тұру құралдарын таңдау мүмкіндігінен айырылған.
Бұдан бөлек, мүгедектердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету туралы өтініштері мүлдем ескерусіз қалған. Осы заң бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментіне ұсыныс енгізіп, 5 тұлға әкімшілік (ҚР ӘҚБтК-нің 483-бабы 3-бөлігімен), 4 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, 2023 жылға дейін кәсіпкерлерге тексеру жүргізуге қатысты мораторий жарияланғаны белгілі. Осыған орай соңғы жылдары кәсіпкерлердің құқығын қорғауға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Дегенмен, сынықтан сылтау іздеп, кәсіпкерлікке тұсау салғысы келетіндер аз емес шығар…
– Өзіңізге мәлім, Мемлекет басшысы өз Жолдауында кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласу, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке жасалған ауыр қылмыс ретінде қабылданады деген болатын. Дегенмен, кейде өз басын қорғауды білмегендіктен, құқығы бұзылатын кәсіпкерлер де кездесіп жатады. Заңды белден басқысы келетін лауазымды тұлғалардың да қатары аз емес. Біз кәсіпкерлердің алаңсыз еңбек етуіне кедергі келтіретін, талапқа қайшы әрекеттердің орын алуына жол бермейміз. Сондықтан кәсіпкерлердің құқықтарына қатысты мәселелер облыстық прокуратура жанындағы сарапшылық кеңесте қаралып, оларды шешу жолдары үнемі қарастырылып отырады.
Соңғы рет кеңес отырысы қазан айының басында өткізіліп, онда шаруаларға қатысты орын алатын маусымдық проблемалар, электр энергиясының тарифі және жекеменшік балабақшалар мен мектептердегі тамақтандыру ұйымдарын қаржыландыру мәселелері қаралды. Жиынның қорытындысы бойынша аталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылып, тиісті тапсырмалар берілді.
Осы тұста облыстық прокуратура жанынан кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде мобильді топ құрылғанын айта кетейін. Олар кәсіпкерлік субъектілерінен келіп түскен сигналдарды өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып қарайды. Айталық, өткен мерзімде мобильді топқа 94 сигнал түссе, соның 30-ы бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Нәтижесінде, заңсыз тексерудің 19 фактісі анықталып, 4925 әкімшілік істің күші жойылды. Осының арқасында кәсіпкерлер 587,7 млн. теңгенің әкімшілік айыппұлынан босатылды. Ал, заң бұзушылықтарға жол берген 44 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жалпы, осы уақыт аралығында 16 617 кәсіпкердің құқығы қорғалып, жергілікті атқарушы органдардың 2 құқықтық актісі заң талаптарына сәйкестендірілгенін атап өткен жөн. Мәселен, «Теміржолсу-Арыс» серіктестігіне санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан заңсыз әкімшілік айыппұл салынғандығы жөнінде Арыс аудандық прокуратурасы жанындағы мобильді топқа шағым түскен. Әкімшілік істі зерделеу нәтижесінде басқарма қызметкерлері қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамай, серіктестікке негізсіз 5 млн. теңге айыппұл салғандығы анықталды. Прокуратураның наразылық келтіруімен заңсыз әкімшілік іс бойынша қаулының күші жойылып, кәсіпкер айыппұлдан босатылды.
– Айтыңызшы, шағын және орта бизнес өкілдері сіздерге қандай сұрақтармен жиі жүгінеді?
– Бізге жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерден өтініштер мен шағымдар өте көп түседі. Көпшілігінде прокурорлық қадағалау актілерін енгізіп, кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуына басымдық береміз. Бұл ретте облыстық экология департаментінің полигонға экологиялық рұқсат алмады деген негізбен «Кентаужан» ЖШС-не 305 млн. теңге көлемінде айыппұл салғандығын атап өтуге болады. Егер біз өз тарапымыздан наразылық енгізіп, заңсыз қаулының күші жойылмағанда, мекеменің банкрот болудан басқа амалы қалмас еді.
– Сөзіңіздің соңында өңір кәсіпкерлеріне қандай кеңес айтар едіңіз?
– Біздегі сенім телефоны тәулік бойы жұмыс істейді. Егер кәсіпкерлер заңсыз тексеріс бойынша немесе басқа да күмәнді жағдайға ұшыраса, осы сенім телефонына хабарласқан жөн. Біз заң аясында қолдан келетін көмектен аянып қалмаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*