Үшінші мегаполисте әмбебап жекпе-жектен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды.
Оныншы мәрте жалауы желбіреген Қазақстан біріншілігіне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің әр аймағынан 14 команда, 160 спортшы қатысып жатыр.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сайыстың ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бұл дода «Nur Otan» партиясы мен «Qazaqstan Ardagerleri» қауымдастығының қолдауымен «Қазақстан Республикасы «Унибой» Әмбебап жекпе-жек Федерациясы» РҚБ ұйымдастырумен өтуде.
Сондай-ақ спорттық шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, ҚР «Унибой» Әмбебап жекпе-жек Федерациясы РҚБ президенті Бақытбек Смағұл, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов сайыстың мән-маңызына тоқталып, ізгі лебіздерін білдірді.
Еске сала кетейік, сайыс екі күнге жалғасады. Бүгін жартылай финал өтіп жатыр. Ертең 14 наурыз күні сағат 10.00 мен 16.00 аралығында финалдық жекпе-жектер, ал сағат 16.30 мен 17.00 аралығында марапаттау рәсімі өтеді. Спорттық додадан іріктелген мықтылар Азия мен Әлем чемпионатына жолдама алады.