Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екені атап көрсетілген. Сондықтан ең басты құндылық – адам және оның өмірі. Мемлекет әрине азаматтардың ар-абыройының сақталуына және олардың құқының қорғалуын қамтамасыз етеді. Бірақ мәселе мынада: біздің құқықтық мәдениетіміз қандай деңгейде?
Ақиқатына келсек, Ата Заңда атап көрсетілгендей, Қазақстанда адам құқықтары мен бостандықтары қорғалады және оған кепілдік беріледі. Иә, біз жоғары білімді азаматпыз дейік. Ақылдымыз. Парасаттымыз. Бірақ АтаЗаңда атап көрсетілген талаптарды қаншалықты орындап жүрміз? Негізі заңды құрметтеген адам ешқашан тәртіп бұзбайды. Өйткені мұның бір ұшы тәрбиеге де барып тіреледі. Сондықтан отбасы мен қоғамда өзін тәрбиелі ұстаған тұлға ешқашан тәртіпсіз болмайды. Бірақ кейде сөзге еріп немесе арандатушылардың сөзіне сеніп, жағдайды сарапқа салмай, тәртіп бұзатындар кездесіп қалады. Негізі Конституцияның 12 бабында айтылғандай, «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс».
Әбунасыр әл Фарабидің «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген тәмсілі бар. Бауыржан Момышұлы атамыздың да «Тәртіпке бас иген ешқашан құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Әрине, халықтың құқықтық саяси белсенділігінің артқаны дұрыс. Бірақ саяси белсенділік басбұзарлыққа, тәртіпсіздікке ұласып кетсе, онда бұл саяси мәдениеттің төмендегені деп білеміз. Дұрысы, құқықтық сана мен саяси сауаттылық өте жоғары болса, онда тәртіп бұзбай-ақ талабыңды орындатуға болады. Өйткені еліміздің дамуы мен тыныштығы және тұрақтылығы ең алдымен мемлекетімізде тұратын адамдар үшін қымбат.
Заң үстемдік құрған жерде адам тыныш, қауіпсіз өмір сүреді. Ал, құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі адамдардың билікке деген сенімі. Заң мәңгілік өзгермейтін қағида емес. Тіпті, Конституцияның өзі де өзгеріп отырады. Өйткені бұл – заман талабы. Сондықтан да адамдардың өздері заңның заман талабына сай жаңарып отыруына, тіпті оның белсенді жұмыс істеуіне атсалысуы тиіс. Қай уақытта болсын, құқықтық белсенділік керек.
Қазақстанның кез келген азаматы өзінің бұзылған құқығын қорғай алатындығына сенімді болса, бұл елдің зайырлы, құқықтық мемлекет болып қалыптасуына үлкен ықпал етеді.
Ал халықтың құқықтық сауаттылығы қай уақытта артады, оған не ықпал етеді? Әрине, өркениетке жетудің алғышартының бірі – құқықтық мемлекет құру екені бәсенеден белгілі. Ол үшін не істеуіміз керек? Ол үшін әрбір азаматтың азаматтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасы жоғары болуы қажет. Ал тұлғаның құқықтық санасы жоғары болса, онда олар тәртіпсіздікке ұрынбайды, қылмысқа бармайды және жанындағылардың да теріс жолға түспеуіне әсер етеді. Мемлекетте тәртіп пен саяси тұрақтылық болған кезде ғана халықтың құқықтық санасы жетіледі, дамиды. Заңды сақтайды, қоғамға, қоршаған ортаға қауіптілігін туғызбайды. Сондықтан мемлекет үшін ең басты құндылық –халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Әрине, ол ең алдымен адамның өзіне және отбасынан, ата-анасынан алған тәрбиесіне байланысты. Отанын, отбасын құрметтеген адам заңды, ешқашан бұзбайды. Ал халқымыздың құқықтық сауатын арттыру қоғамның талабы болып отыр. Ал құқықтық мәдениетті қалыптастыру қашан да өзекті. Өйткені құқықтық мәдениетті арттыру үшін білім беру салаларында, балабақшадан жоғары оқу орындарына дейін құқықтық білім кеңінен берілуі тиіс. Бұл ең алдымен адамның өзіне, болашағы үшін керек.
Тәуелсіз Қазақстанның алдында қазір үлкен мақсат-міндеттер тұр. Ол – алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену. Ал әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ену үшін әрине, отандық өндірістің дамып, экономикамыздың дамығаны дұрыс. Десек те, өркениетке жетудің алғышартының бірі – құқықтық мемлекет құру екенін ұмытпауымыз керек. Құқықтық сана жоғары болған жерде азаматтар бір-біріне құрметпен қарайды, заң талаптарын мүлтіксіз орындайды.
Ақжол МЫРЗАҚҰЛОВ,
Қазығұрт аудандық сотының
сот мәжілісінің хатшысы.