Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Руханият » КӨРІСУ КҮНІ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

КӨРІСУ КҮНІ ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

Бүгін Көрісу күні Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ары қарай жалғасты. 12 қанатты киіз үй тігіліп, Ұлыстың ұлы күніне ошаққа от жағылып, күбіде май пісіліп, самаурында шай қайнатылды.
Ақ түйенің қарны жарылды, Жер Ананың көкірегі босанып, елдің аузы аққа жетті. Қыстан есен-сау шығып, аналарымыз жеті түрлі дәмнен тілеу көже әзірледі. Қала тұрғындары абзал аналарымыздың ел амандығы мен татулығын тілеп жасаған Тілеу көжесінен дәм татты. Осы орайда көпшілікке жасалған көженің мөлшері 100 литр болғанын атап өткіміз келеді.
– Ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің басталуы қазақ халқында 14 наурыздан басталады. Қыстан аман, жылдан түгел шыққан адамдардың барлығы қап түбінде қалған жеті дәнін, бар тағамын ортақ қазанға салып, есендік, саулық сұрасып келген кісілердің барлығын дастарханнан дәм татқызған. Ас-ауқат тарату мақсатында жасалған көжені тілеу көже деп айтқан екен. Біз дәл осы күні қыстан аман, жылдан есен шыққан жандардың бір-бірімен көрісуін насихаттау мақсатында орталығымыздың алдына киіз үй тігіп, бір қазаннан көже жасап, жеті түрлі дәнді салып, оны тілеу көже деп атадық. Негізгі мақсатымыз – тілеу көжені дайындауды, бір қазаннан ортақтасып, берекелі шаңырақта мерекелі дастарханнан дәм татқызу, — дейді орталық директорының орынбасары Гүлшат Жақанқызы.
Орталыққа келген қонақтар осылайша тілеу көжеден дәм татып, халық әндерінен попурри тыңдап, көрісу, қауышу дәстүрін тағы бір жаңғыртты. Ал орталық қызметкерлері келген қонақтардан қонақкәде сұрады. Әжелер тобы «Шилі өзен» әнін айтып, ортаны әнге бөледі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*