А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Бейбарыс Сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орай «Сұлтан Бейбарыс – түркі әлеміне ортақ тұлға» атты тарихи-мәдени кеш өтті.
Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, жаугершілікте тұтқынға түсіп, қайсарлығы мен ержүректігі, дарыны мен даналығы арқасында құлдықтан хандыққа дейін көтеріліп, мәмлүктердің төртінші сұлтаны болған, Египетті билеген бабамызды қанша дәріптесек те артық болмайды. Кешті ұйымдастырушылардың да мақсаты да соған саяды. Тарихи кеште шақырылған тарихшы, ғалымдар мен жиналған зиялы қауым өкілдері жастарға Сұлтан Бейбарыс туралы тың ақпараттарын жеткізді.
–Жастарымыз жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген тұлғаның отансүйгіштігінен үлгі алуы керек. Мамлюк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды. Қазір өзінің кіндік қаны тамған жерінде Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласында биік тұғырға орныққан Бейбарыстың ескерткішке айналған алып тұлғасы асқақтап тұр, – деді тарихшы Қайрат Анарбаев.
Айта кетейік, биыл Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығы ауқымды түрде тойланбақшы. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдап, кездесу барысында Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жылдық мерейтойына дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге үлесін қосатынын айтқан болатын.
«Шымкент келбеті»