Заң – қоғамдағы бейбітшілік пен әділеттілікті қамтамасыз ететін және адамдар арасындағы қатынастарды реттейтін құқықтық институт. Ол адамның құқықтарын зорлық-зомбылықтан, ұрлықтан және басқа да қол сұғушылықтардан қорғайды. Заңдар қоғамдағы тәртіп пен тепе-теңдікті орнатады. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай: «Тәртіпке бас иген адам құл болмайды». Сондықтан, әр адамның және жалпы қоғамның басты міндеті – ол заңға бағыну. Егер заңдар болмаса, қоғамда тәртіпсіздік пен бассыздық орын алып, қоғамда құқықсыз дүрбелең немесе хаосқа түсетіні анық.
Заманына қарап, адамның тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында заңнамалар, нормативтік-құқықтық актілерде ауысып, өзгешеленіп немесе алынып тасталынады. Әрине, бұл құбылыстың барлығы қоғамдағы болып жатқан жәйттерге тікелей байланысты.
Осы орайда, Шымкент гарнизоны әскери сотының төрағасы Б. Кәрімнің төрағалығымен Шымкент гарнизонының әскери сотында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік – процестік Кодексінің нормаларын түсіндіру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған іс-шараға Шымкент гарнизоны әскери сотының судьясы Г.Усманова, Шымкент гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры әділет капитаны А. Ақтілеу, сондай-ақ, Оңтүстік аймағының, Сарыағаш гарнизонының прокурорлары, шекара қызметі және әскери бөлімдердің заңгерлері қатысты.
Іс шараның негізгі мақсаты – қолданыстағы ӘРПК нормаларын дұрыс түсіну және қолдану, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және әкімшілік озбырлықты болдырмау, сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін және халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру.
Дөңгелек үстелде Кодекс – мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары, мүдделерін қорғауға бағытталғаны түсіндірілді.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің талаптарын түсіндіріле отырып, әскери гарнизондардың заңгерлеріне, арыз иесіне құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесуге, формальды қателерді жоюға және қоса берілетін құжаттарды толықтыруға мүмкіндік беруі тиіс екендігін, оған қоса, әкімшілік рәсімге қатысушыға оның әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттерін түсіндіру қажеттегі жеткізілді.
Жиынға қатысушылар жұмыс барысында туындаған өзге де мәселелерді талқыға салып, өзара пікір алмасты.