Шымкент қаласында ауыр халде ауруханаға түскен 86 жастағы қария коронавирустан жазылып шықты, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «jetpisbai.kz» ақпараттық агенттігі.
Шымкент қаласында 86 жастағы Жалғас Сулайманов есімді азамат 21 ақпан күні ауыр халде жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын.
Дәрігерлер компьютерлік томографияның көмегімен жұқпалы дерт қарт кісінің өкпе тінінің 80 пайызы зақымдағанын анықтаған. Медицина мамандары науқасты реанимация бөліміне жатқызып, жасанды тыныс алу аппаратына қосты. Вирусқа қарсы жүргізілген терапиялық емнің нәтижесінде зейнеткердің жағдайы жақсарып, 4 наурызда жасанды тыныс алу апаратынан алынды.
–Науқас ауруханаға КВИ инфекцияның ауыр дәрежесімен түсті. Компьютерлік томографияда өкпесінің 80 пайызы зақымдалғанын байқадық. Зейнеткерге антикогулянтты, гормональді, оксигенотерапия емдері жүргізілді. Дертінен сауыққан қарт кісі үйіне шығарылады, -дейді жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Марлан Қуанышбекұлы.
Білікті дәрігерлердің еңбегіне қарияның алғысы шексіз. Қария ақ халаттыларға алғысын ақ батамен жеткізді.