ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында, ҚР Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы бойынша арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.
Қазіргі уақытта бұл мақсатта арнайы штаб құрылды. Биыл реновация бағдарламасы бойынша тұрғын үй иелері келісім берген жағдайда 6 тұрғын үйді бұзуға ұсынылу жоспарлануда. Қазіргі таңда тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу — меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ- мен келісімшарт жасасады. «Shymkent» ӘКК» АҚ өкілі Бақтияр Шабданов инвесторға және тұрғындарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді.
Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесі, 91 үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Инвестор тозығы жеткен үйдің орнына 9 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізуде. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
Сондай-ақ, биыл 40 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.
Реновация бағдарламасы әкімдіктің қаулысымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бекітілді. Аталған бағдарлама бойынша тізім жасақталып, тұрғындармен келісу жұмыстары жүргізіледі. Бағарламаға сәйкес, егер меншік иесі келіскен жағдайда мүлкін реквизициялау кезінде оның құны толығымен өтеледі, өткізілетін мүлік үшін өтемақы немесе салынып жатқан нысандардағы ауданы жағынан бірдей пәтер беру арқылы қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, техникалық тексеру нәтижелері бойынша реновация бағдарламасына тозығы жеткен 107 тұрғын үй енгізілген. Оның ішінде Абай ауданында — 56, Әл-Фараби ауданында — 43, Еңбекші ауданында 8 тұрғын үй бар.