Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Шымкент секілді халық саны 1 миллионнан асқан, жедел дамып келе жатқан шаһар үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша.
Биыл қаладағы А-2 айналма жолының 2-ші және төртінші кезеңдері пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл нысанның екінші кезеңі Ынтымақ шағын ауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты алып жатыр. Жалпы ұзындығы 2,48 шақырымды құрайды. Жолдың ені 80 метр. Екі бағыттағы 4 жолақты жолдың екі жағынан да су ағатын арық, жасыл аймақ, аяқ жол салып, жарық шамдар қою көзделген. Ал, төртінші кезең – Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейін ұласады. Бұл учаскенің жалпы ұзындығы 1,86 шақырым құрайды. Ені 35,5 метрлі 6 жолақты жолдың екі жағынан да су ағатын арықтар, жасыл аймақ, аяқжол салу көзделген. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Бүгінде Бәйдібек би даңғылы қаланың солтүстік бөлігіне өтетін жалғыз магистралды жол болып отыр. Осыған байланысты Шымкент зообағының тұсында көлік кептелісі уақыт өткен сайын көбеюде. Шымкент қаласының әкімдігі осы проблеманы шешу үшін бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, өткен 2022 жылы Қ.Төлеметов көшесінен бастап, Шымкент-сити шағын ауданына дейін Өтегенов көшесінің жалғасы салына бастады. Бұл құрылыс 2 кезеңнен тұрады. Оның алғашқысы өткен жылы салынып бітті. Яғни, Ақжайық шағын ауданындағы Сырым батыр көшесінен бастап, Шымкент-сити шағын ауданына дейінгі учаске көлік қозғалысы үшін ашық. Бұл кезеңдегі жолдың жалпы ұзындығы – 970 метр, ені 28 метрді құрайды.
Екінші бөлігі, яғни, Қ.Төлеметов көшесінен бастап Сырым батыр көшесіне дейінгі учаскеде мемлекет мұқтаждығына сатып алынуы тиіс нысандар болғандықтан құрылыс биылғы жылға өтпелі болды. Жұмыс 2023 жылдың соңына дейін толығымен аяқталады деп күтілуде. Бұл жерде жолдың ұзындығы – 970 метрге, ені 23,5 метрге тең. Автомобильдер төрт жолақта жүйткімек.
Осылайша, биыл Шымкент қаласының орталығын шаһардың солтүстік бөлігімен жалғап жатқан Бәйдібек би даңғылына Өтегенов көшесі балама болмақ. Асар, Шымкент-сити, Бозарық, Тұран шағын аудандарының тұрғындары орталыққа қарай осы жолмен де өту мүмкіндігіне ие болады.
Бәйдібек Би даңғылына тағы бір балама Бәйтереков көшесінің жалғасы болмақ. Яғни, Қайтпас шағын ауданындағы Ы.Алтынсарин көшесі кеңейтіліп, Бәйтереков көшесі Тұран шағын ауданына дейін жалғанатын болады. Өткен жылы бұл жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жобаға сәйкес 60 нысанды мемлекет мұқтаждығына сатып алу көзделіп отыр. Құрылыс жұмыстары биыл басталады екен.