ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады», деп атап өткен болатын.
Осы орайда, бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй құрылысының сапасын арттыру мақсатында арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды jetpisbai.kz. Құрылыс, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармалары мен мердігерлердің қатысуымен өткен басқосуда қала аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысы талқыланды. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ең алдымен сапаны жақсартып, жұмыстарды өндірістік кестеге сай аяқтауды тапсырды. Бұл ретте мердігерлердің жауапкершілігін арттыру қажеттігіне тоқталды.
Сондай-ақ қала әкімі мердігерлерге қолданысқа берілген тұрғын үйлердің ақауларын тез арада қалпына келтіру қажеттігін жеткізді. Басқарма басшыларына әрбір нысанды қабылдауда тиісті талаптардың сақталғанын қатаң қадағалап, сапассыздыққа жол бермеу қажеттігін қатаң ескертті.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкент қаласы Бозарық шағынауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір мұнда мемлекет бюджеті есебінен 49, жеке инвесторлар тарапынан 58 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекеннің даму жоспарына сәйкес, атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Одан бөлек, биыл шағынауданда 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың 5-еуінің құрылысы аяқталады. Былтырғы жылы осы аумаққа газ, су, электр, кәріз жүйелері жүргізілген, қазір мұнда ішкі орам жолдары салынуда. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта шағынауданда мектеп, емхана, спорт кешені бой көтереді. Құрылыс қарқынымен танысқан қала әкімі жауаптыларға ең алдымен, жұмыстарды өндірістік кестеге сай жылдамдатуды ескертті. Жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан көпқабатты үйлердің эскизін бекітіп, барлық нысандардың сапасын, сәулеттік ерекшеліктерін қадағалауды тапсырды.