«Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек», деп Президент «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты кезекті Жолдауында айтқан болатын.
Бүгін Шымкентте бизнес идеясын нағыз жобаға айналдырған кәсіпкерлердің жәрмеңкесі өтті. Көрме орталығына жиналған 150-ден аса кәсіпкер мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, нәтижелі жұмысының арқасында өз өнімдері арқылы еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйытқы болуымен өткен жәрмеңкеге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Шаһар басшысы кәсіп иелерінің жұмысымен жіті танысып шықты.
–Көрмедегі тауарларды жасауға кәсіпкерлердің бар өнерін, ынта-ықыласын салғаны көрініп тұр. Мемлекет ұсынған гранттарды конкурс арқылы жеңіп алған қала тұрғындары өз бизнесін бастап, әдемі, сапалы әрі нарықта сұранысқа ие тауарларды өндіріп жатыр. Бұл бір жағынан шымкентіктердің кәсіпке бейім әрі еңбекқор екенін көрсетсе, екінші жағынан мемлекеттің шағын және орта бизнеске көрсетіп жатқан қолдауының нақты нәтижесі, — Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жәрмеңкеде тағам өнеркәсібі, кондитерлік өнім, жиһаз өндіру, қызмет көрсету салалары бойынша түрлі әлеуметтік жобалар қойылды. Сондай-ақ іс-шараға жиналған халыққа арнайы ақпараттық бұрыш жасақталып, «Халықты жұмыспен қамту орталығының» мамандары тегін кәсіби оқу, тұрақты жұмысқа орналасу, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама алу бойынша келушілерге ақпарат берді.
Айта кетейік, өткен жылы қаламызда 1195 адам жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға қайтарымсыз гранттарды жеңіп алған. Ал, 2392 адам тегін кәсіби оқуға жіберілсе, биылғы жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып 2431 адам оқуға жолданыпты. Мемлекет тарапынан берілетін қолдау шаралары биыл да өз жалғасын тауып, Шымкент қаласы бойынша 447 адамға 400 АЕК дейінгі мөлшерде қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2023 жылы Шымкент қаласында ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін 447 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарлануда. Бұл туралы қалалық «Жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Шағдат Әсетұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Ол үшін үміткерлер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
– еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
– қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
– өңіраралық қоныс аударушылар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
– мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
– асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Азаматтар комиссия отырысында өз идеясы мен бизнес жоспарын қорғап шыққан соң, ғана грантқа қол жеткізеді.