Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Шымкентте дамуында проблемалары бар балалар мен жасөспірімдерді оңалту және әлеуметтік бейімдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалалық білім басқармасы тарапынан бұл салада бірнеше бағытта іс-шаралар қолға алынған.
Атап айтқанда, «2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту бойынша өңірлік жол картасының» жоспарына сәйкес, қыркүйек айында психологиялық-медициналық педагогикалық кеңес және бір психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, №1 А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясында ресурстық кабинеті қызмет көрсетуде.
Бұдан бөлек, қалада ерекше күтімді қажет ететін балаларды қоғамға тартып, олардың арасында дарынды жандарға қолдау көрсетуде түрлі мәдени іс-шаралар өтіп тұрады. «Ризашылық – мейірімділік бұлағы» жалпыұлттық мәдени білім беру жобасы аясында қалалық «Қазақстан – менің алтын бесігім», «Шексіз шығармашылық» байқауы ұйымдастырылды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» «Қоғамға қызмет» жобасы аясында «Өнерліге нұр жауар», «Juldyzai» республикалық балалар шығармашылық фестиваліне талапты өрендер қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 897 білім беру мекемесі бар. Онда 399 598 тәрбиеленушілерді оқыту мен тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда білім нысандарының саны 84-ке артқан. Ал, биыл Шымкент қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында қуаттылығы 17 300 орынға арналған 12 мектептің құрылысы басталады. Сондай-ақ, 2023 жылы 4 000 орынға арналған 30 балабақша іске қосылады. Мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 141 кабинет және 299 дана жабдықталған интерактивті панельдер алынып, заманауи мектеп кабинеттерін ашу үлесі 72%-дан 85%-ға артатын болады. Одан бөлек, мектептерді заманауи стандарттар бойынша жаңғыртуда 8 білім мекемесіне күрделі жөндеу, 21 мекемеге жобалық-сметалық құжаттары дайындалады.