Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «ҚАЛАНЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»

МҰРАТ ӘЙТЕНОВ: «ҚАЛАНЫ ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің  қызметін өзгертуге  айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов магистральды жолдар мен саябақтарды абаттандыру және көшелердің тазалығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады.
Қала басшысы ең алдымен Бозарық айналма жолындағы көріктендіру жұмыстарын тексеріп, мердігерлердің жоспарымен танысты.
Мұнда қазір ұңғымалар орнатылып, жер қопсытылуда. Жоба бойынша 13 мың шаршы метр айналма жолдың жиегі қазақы ою-өрнек эскизінде қызыл сальвия, лимонды тагетис секілді гүлдермен көмкеріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы қаладағы Бәйдібек би көшесіндегі этносаябақта да болып, ұңғымаларды қалпына келтіру жұмыстарын тексерді. Мұнда алдағы уақытта балалар автодромы орнатылып, шығармашылық орталық ашылады.
«Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді.
Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады» — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартуда жоспарларымен танысты. Бұл жұмыстар 5 бағытта жүргізілетін болады.
Бірінші санаттағы күре жолдарда механикалық, санитарлық тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Екінші санаттағы орталық көшелер айына үш рет, аудандық маңызы бар орталық көшелер айына бес рет арнайы техникалардың көмегімен жуылады. Қосымша 50 адамнан құралған арнайы бригадалар сенбілік ұйымдастырады.
Абаттандыру жұмыстарын тексерген қала әкімі жауаптыларға жасыл желекті көбейтіп, көріктендіру жұмыстарын, көшелердің тазалығын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*