Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар маңызды міндеттерді қойған болатын. Оның қатарында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі шаралар бар. Ел президенті өз сөзінде «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын… Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен еді.
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақтардың инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бизнеске қолайлы жағдай жасауда атқарылған жұмыстар баяндалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Қазір қаладағы «Жұлдыз», «Бозарық», «Тассай» индустриалды аймақтарына инфрақұрылым жүйелері тартылуда. Ауыз су, электр және табиғи газ, кәріз жүйелерінің құрылысы өндістік кестеге сай жүргізілуде. Сондай-ақ сауда логистикалық орталығының жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауда атқарылып жатқан шаралармен танысқан Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға аймақтардағы жұмысты үйлестіру бойынша бірқатар тапсырма берді.
“Кәсіпорындар электр қуатын тиімді пайдалану қажет. Қолданылмайтын қуат көздеріне шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізіңіздер. Өндіріс орындарын аймақтарға шоғырландыруды жүйелі ұйымдастыру керек” – деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына теміржол тұйығын жүргізуді ұйымдастырып, құрылыс талаптарын бақылауды тапсырды. Қала әкімі екі аптадан кейін кесте бойынша индустриалды аймақтарды аралап, құрылыс барысын тексеретінін жеткізді.
Айта кетейік, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар, қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде. Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады. Негізінен Шымкент қаласының өндірістік қуаты 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Одан бөлек, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*