Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ҚАРАТАУ АУДАНЫ: 5000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

ҚАРАТАУ АУДАНЫ: 5000 ТҮП АҒАШ КӨШЕТІ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің  қызметін өзгертуге  айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Биыл Қаратау ауданына қарасты орталық көшелердің бойына және көпқабатты үй аулаларына 5000 түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімі Р. Мулкеманов БАҚ өкілдерімен өткен кезекті брифингте атап өтті.
Брифинг барысында Қаратау ауданы аумағында алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстар қатарын баяндап, алдағы уақытта жоспарға қойылған негізгі жобалар жайында баяндады.
– Қаратау ауданының аумағы — 19 500 гектар, 190 мыңнан астам тұрғыны бар. Аудан аумағында 18 елді мекен, жалпы көшелер саны – 595, демалыс орындарының саны – 7. Биыл Сайрам және Қызылсу елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарының аяқталған соң, аудан аумағындағы барлық елді мекендер толық сапалы ауыз сумен қамтылады. Елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткіші 90 пайызды құрайды. 2025 жылға дейін табиғи газбен қамту көрсеткішін 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 74 көше асфальтталады, – деді аудан әкімі Р.Мүлкеманов.
Сондай-ақ, аудан аумағында 34 балалар және 7 спорт алаңша салу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары мердігер мекеме анықталуына орай атқарылатын болады.
Сонымен қатар, аудан аумағында 3 аллеяның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, биыл күзгі маусымда қала аумағына отырғызылатын көктем гүлдерінің санын 2 миллион данаға жеткізу жоспары бар. Үшінші мегаполистің символына айналған қызғалдақтар бүгінде бүр жарып, қаланың көркін айшықтай түсері анық. Сары, қызыл, көк, күлгін түсті қызғалдақтардың 1 миллион данасы айналма жолдар мен орталық көшелерге, саябақтар мен гүлзарларға отырғызылды. Голланд қызғалдақтары әр ауданға орташа есеппен 200 мың дана егілді.
Сондай-ақ, аудан әкімі ирригациялық арықтар, көшелерді абаттандыру, ономастикалық мәселелер жөнінде де атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалада жасыл желекті көбейтуді тапсырған болатын. «Абаттандыру, көріктендіру жұмыстарына жұмылдырылған мердігерлер қала аумағындағы әрбір нысанға арнайы паспорт пен дизайн код жасайды. Ең алдымен ұңғымаларды қайта қалпына келтіреді. Қазір мекемелер қалада жасыл желекті көбейту мақсатында түрлі ұсыныстар беруде. Мердігерлермен жасалатын келісім шарт мерзімінің 5 жылға ұзартылғаны да олардың жауапкершілігін артырып, жұмыс сапасын жақсартады», — деді қала әкімі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартуда жоспарларымен танысты. Бұл жұмыстар 5 бағытта жүргізілетін болады. Бірінші санаттағы күре жолдарда механикалық, санитарлық тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Екінші санаттағы орталық көшелер айына үш рет, аудандық маңызы бар орталық көшелер айына бес рет арнайы техникалардың көмегімен жуылады. Қосымша 50 адамнан құралған арнайы бригадалар сенбілік ұйымдастырады. Өз кезегінде шаһар басшысы жауаптыларға жасыл желекті көбейтіп, көріктендіру жұмыстарын, көшелердің тазалығын үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*