Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Мобильді топ» мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Қазына» сауда орталығында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», деп айтып өткен болатын.
Аталған шараның негізгі мақсаты – Жолдауда жастарға арналған қолдауларды, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту. Сондай-ақ, кәсіпкерлік бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде ақпараттармен таныстыру. Түсіндірме жұмыстары барысында жастарға «Жастар практикасы», «Алғашқы бос жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісім-шарты» сынды мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары жөнінде ақпараттар берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде іске асырылатын шағын несие 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған 2,5% несие жөнінде де толыққанды мағлұматтар айтылып, жадынамалық парақшалар тарқатылды. Аталған жұмыстар ары қарай «Самал» базарында жалғасты. Іс-шара аясында Абай әкімі аппараты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан шалғай жатқан шағын аудандардағы жастарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «Мобильді топ» құрылған болатын.
Аталмыш топ негізгі 4 бағытта жұмыс жүргізуде. Атап айтатын болсақ, талантты жастарды қолдау, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, психологиялық көмек және аутрич, NEET жастармен жұмыс бағыттары. Бұл топтың артықшылығы, шалғай орналасқан шағын аудандардағы жастар орталыққа келмей-ақ, өздеріне қажетті мәліметтер мен көмектерді толықтай ала алады, сондай-ақ, олармен түрлі деңгейдегі ашық сұхбат алаңдарын құру арқылы, жастардың қажеттіліктерін анықтау мүмкіндігі арта түспек.