Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мазмұнының өзектілігін атап өткен жөн. Жолдау барлық қазақстандықтарға қатысты екені сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударып, «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», деп атап өткен болатын.
Осы орайда, Шымкентке жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.