Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы жастарына «Деструктивті діни ағымдардың алдын алу жолдары» бойынша кездесу ұйымдастырылды.
Мақсаты — жастарға діни ағымдардан сақтану туралы терең түсінік беру, ата-ананы құрметтеу, бейбітшілік пен адамдарға жақсылық жасай білудің өмірдегі басты ұстанымы екенін түсіндіру.
Кездесуде Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат Шоқанұлы қатысты. Ол деструктивті діни ағымдар туралы толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастардың сауалнамаларына жауап берді.
Діни ахуалы тұрақты мемлекетте бейбітшілік, достық, бірлік орнайтыны, ол ұзаққа созылатыны белгілі. Сол себепті де, Қазақстанда діни ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін түрлі іс-шаралар өтуде. Оның барлығы – бейбітшілікті, діни алауыздықты болдырмауды көздейді. Деструктивті ағымдардан сақтану қажет. Дін дегеніміз өте күрделі. Ол туралы ақпаратты рұқсат етілген кітаптар мен сайттардан алған дұрыс. Діни секталардың құрбанына айналмас үшін діни білімімізді арнайы оқу орындарынан және діни орталықтан сұрап білулеріңізге болады. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың немесе топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Осындай дінді теріс бағытта насихаттайтындардан сақ болыңыздар.
Еліміз зайырлы, құқықтық мемлекет. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы. Зайырлылық сипаты-ізгілік пен қажеттілік. Өркениетті елдер зайырлылық дәстүрін таңдауда. Елде дінді ұстану мен бірлестіктердің жұмысын реттейтін заңдылықтарды мемлекет белгілейді және бақылайды.