Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » М.ӘЙТЕНОВ КЕМШІЛІКТЕРДІ ТҮЗЕТУГЕ ОН КҮН УАҚЫТ БЕРДІ

М.ӘЙТЕНОВ КЕМШІЛІКТЕРДІ ТҮЗЕТУГЕ ОН КҮН УАҚЫТ БЕРДІ

Президент Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуды тапсырды, «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің  қызметін өзгертуге  айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек», деген болатын.
Осы орайда, бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тұран-2 шағынауданында болып, жауаптылармен бірге елдімекеннің даму жоспарын пысықтады.
Шағынауданда бой көтерген 88 тұрғын үйдің 70-і пайдалануға берілген. Қазір 18 үйдің ішкі әрлеу және сыртқы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар нысандарға инженерлік-инфрақұрылым жүйелер тартылып, жолдар салынуда.
Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларымен, құрылысқа жұмылдырылған мердігермен кездесіп, жұмыс барысындағы өзекті мәселелерді талқылады. Қала әкімі жауаптыларға құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқталуын бақылауға алуды тапсырды.
«Он күн ішінде тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, орын алған кемшіліктерді қайта қалпына келтіру қажет.
Барлықтарыңызды жауапкершілік таныта отырып, жылдам, тиянақты жұмыс істеуге шақырамын», — деді қала әкімі.
Айта кетейік, бүгінде шағынауданның 29- орамында мемлекеттік бюджет есебінен 1080 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Былтыр осы аумаққа жылу, су, кәріз желілері мен электр жүйесі тартылған. Биыл мұнда ішкі орамның жерін тегістеу, абаттандыру жұмыстары, аяқжол және асфальт жол құрылысы жүргізіледі. Нысандарды қолданысқа беру екінші жартыжылдыққа жоспарлануда. Одан бөлек, Шымкентте тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында алғаш рет реновациялау бағдарламасы іске қосылуда. Қазір бағдарламаны жүзеге асыру үшін арнайы штаб құрылды. Қала аумағындағы жөндеуді қажет ететін тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, бағдарламаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа бағдарлама қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Бағдарлама шартына сәйкес, құрылыс жұмыстары меншік иелерінің келісімі бойынша жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*