Шымкентте көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған бокстан VII халықаралық турнир басталды. Жастар арасындағы бәсекеде көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан және еліміздің аймақтарынан, жалпы 130-дан аса жас боксшылар бақ сынап жатыр, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Бүгін жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов жарыстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Аталған сайыс жас спортшылар үшін зор мүмкіндік. Тәрбиелеп жатқан спортшылар осындай турнирлерде шыңдалады. Ендігі ретте сайыстың ауқымы одан әрі кеңейе бермек. Амалбек Қозыбақұлының мерейтойына арналған турнирден әлі талай дарындар шығатынына сенім білдіреміз, — деді қала әкімі.
Қала әкімі мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов ізгі тілегін жеткізді.
Жалпы, Тәуелсіздік жылдарын елмен бірге жүріп өткен қоғам қайраткерлерінің қатарындағы Амалбек Тшановтың есімін ел шежіресі аттап өте алмасы ақиқат. Бөлек талапшылдығымен, тәуекелшілдігімен егемендіктің елең-алаңында билікке келіп, саясатқа араласқан азаматтың аз уақытта атқарған ілкімді істері қай кезде де жастарға үлгі.
Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 28 сәуір күні анықталады.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына орай, «Айырылу, табысу және арылу туралы толғам» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.