ҚР Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетілетіндігін атап өткен болатын. Шымкент қаласының аз қамтамасыз етілген 9437 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, деп хабарлайды jetpisbai.kz ақпараттық агенттігі.
Шымкент қаласында 10 мыңға жуық отбасыға АӘК тағайындалды. Бұл туралы Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Полатқызы брифинг барысында мәлімдеді. Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. Бұл аталмыш әлеуметтік көмек төмендегі бағыттар бойынша жүргізіледі: — аз қамтамасыз етілген отбасыларға ақшалай төлем; — жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар, яғни оқытуға, жастар практикасына, қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, грант беруге және тұрақты жұмыс орындарына жолдама беру; — табысы аз отбасылардың құрамындағы 1-6 жасқа дейінгі балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама монетизацияланды. Бұл дегеніміз ақшалай түрде әр балаға 5 175 теңге (1,5 АЕК) түрінде әр алушының жеке есеп шоттарына жіберіледі. Атаулы әлеуметтік көмекке және кепілдендірілген әлеуметтік топтамаға 2023 жылға бюджеттен 10,4 миллиард теңге бөлінген. 2023 жылдың 3 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға аз қамтамасыз етілген 9 437 отбасыға (47 751 адам) тағайындалып, 1,2 миллиард теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 2023 жылы мүгедектігі бар азаматтарға қолдау шараларын көрсету үшін бюджеттен – 7,3 миллиард теңге қарастырылған. Жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне сәйкес, әлеуметтік такси қызметі 2023 жылдан бастап ай сайын 5 АЕК немесе 17 250 теңгеден есеп шоттарына аударылуда. Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғиматарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштамасы ұйымдастырылған және Басқарма қызметкерлерімен әрбір адамға жеке-жеке көмек берілуде.