Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Мемлекет басшысына қала әкімі жыл соңына дейін шет аудандардың тұрғындары ауыз сумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етілетінін баяндаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
2023 жылы Шымкент қаласында 6 елдімекен табиғи газбен қамтылады, деп хабарлайды jetpisbai.kz. Бұл туралы бүгін қала әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен елдімекендерді табиғи газбен қамту және даму перспективасы талқыланған арнайы жиында айтылды.
Бүгінде қала аумағындағы 7 251 шақырым газ желілерінің 14 пайызы тозған. Былтырғы жылы Жаңғырту бағдарламасы аясында «ҚазТрансГаз» АҚ тарапынан 76 шақырым газ құбырын жаңарту жұмыстары басталған болатын. Шілде айына дейін 51 шақырым газ құбыры қалпына келтірілетін болады.
Жыл қорытындысымен Сәуле, Ақтас шағынаудандарында 2 магистральды желінің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ биыл Ақтас, Ақтас1, Нұршуақ, Ақжар, Арғымақ, Тұран шағынаудандарында 10 мыңнан астам абонент көгілдір газ желісіне қосылады. Бүгінде тағы 8 елдімекенді газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Сондай-ақ, Әл-Фараби ауданында 2023 жылы табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайтын болады. 2022 жылы Ақтас-2 елді-мекенінде мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, абоненттерге қосылу бойынша жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, 195-орамда мердігер мекеме «Ремстрой» ЖШС тарапынан табиғи газ желісінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ал, 276-орамда құрылыс жұмыстары 2023 жылдың І-жартыжылдығында аяқталу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 81 елді мекеннің 78-і (1084,9 мың тұрғын) сапалы ауыз сумен қамтылса етілсе, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері кесте бойынша ауыз су тұтынып отыр.
Биыл Шымкент қаласы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98,5% — дан 100%-ға дейін өседі деп күтілуде. Шымкент қаласын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 6 нысанда су құбырларын тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Олар — Құрсай 1,2-кезек, Қайнарбұлақ, Сайрам 1,2 және 3-кезек, Еңбекші ауданы жаңа құрылыс аумағы. Нәтижесінде 72 мыңнан астам тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болады.