Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.
Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда.
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Денсаулық» спорт кешенінің жүзу бассейні күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Бүгінгі балаларды қорғау күніне орай жаңа бассейнде суға жүзуден жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов балаларды бүгінгі мерекемен құттықтап, шаһарда бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдай жасалатынын айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шаһарда бұқаралық спортқа қолайлы жағдай жасалып келеді. Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні қалада бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп, жастарды осы спортқа ынталандыруға өз септігін тигізбек. Жалпы, спорт инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары одан әрі жалғасын табады, – деді қала әкімі.
2011 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық сайысқа 13 өңірден, жалпы 368 спортшы қатысып жатыр. Қала әкімі М.Әйтенов, қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова жарысты көпшілікпен бірге тамашалады.
1970 жылы салынған «Денсаулық» спорт кешенінің жаңғыртылған жүзу бассейні 1 маусым – балаларды қорғау күніне орай тұрғындар игілігіне беріліп отыр. Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, спортшылардың шеберліктерін шыңдайтын нысан толығымен жаңғыртудан өтті.
Бүгін қалада 12 мыңға жуық шәкірт мектеп бітіріп, олардың 90%-дан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіруде. Биылғы жылы 2 618 түлек “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткер болса, 600-ден астам оқушы халықаралық және республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарды. Көрмеге қала аумағындағы 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдар жас буынның әсіресе, робототехникаға деген қызығушылығын арттырып отырғаны байқалды. Шымкент шәкірттерінің жетістіктерін паш еткен көрме үздіктер мен белсенді оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.