Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Осы орайда, қалалық инфрақұрылымды жүйелі дамыту мақсатында жүргізілген жұмыстар бойынша Шымкентте коммуналдық қалдықтар мәселесін шешу үшін қоқыс өңдеу зауытын салу қажеттігі туындауда. Қазір қалдықтарды өңдеу зауытын салуға қатысты Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде. Қытай компаниялары қалдықтарды өртейтін зауыттың құрылысын салуды көздесе, Германия инвесторлары полигон салуға қажетті заманауи материалдар ұсынуда. Әлемге әйгілі AUDITORES ENERGETICOS AFN (AEN) компаниясының өкілдері коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізуге қызығушылық танытып отыр.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін алу бойынша инвестор тарапынан тиісті құжаттар ұсынылып, өңірлік үйлестірушілер кеңесінің оң қорытындысын алды.