Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Әлеумет » Ауыр науқастарды ауылда-ақ емдеуге болады

Ауыр науқастарды ауылда-ақ емдеуге болады

Үкімет отырысында медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мақұлданғаны белгілі.  Жобаны тиімді іске асыру үшін халықтың денсаулығы туралы статистика, медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы және ауылдағы ауруханалар мен емханаларды білікті кадрлармен қамтамасыз ету міндеттелген болатын.
Мақұлданған пилоттық жоба екі міндетті қамтып отыр. Оның біріншісі медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын, соның ішінде медициналық пункттерді, ФАП-тарды, дәрігерлік амбулаторияларды салу барысында оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады. Соның ішінде профилактикалық және скринингтік тексерулер, сондай-ақ ауруларды алдын-ала анықтауды жеделдетіп, медициналық жаңа тәсілдерді енгізуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған орталықтардан қосымша бөлімдер ашу. Бұл ауыл тұрғындарына инфаркт, инсульт, жарақат алғанда және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ауыр халдегі науқастарды қалаларға әуре етпестен ауылда-ақ нәтижелі емдеуге болады.
Қазір  «Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы МКК»-да науқастарға барлық ота түрлері жасалып жатыр. Ауруханаға Италияда шығарылған «Euroampli Alien 3030 Cardio» кардиохирургиялық аппараты мен зерттеулерге арналған мобильді ангиограф орнатылды.  Биылғы қаңтар айынан бастап тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетіле бастады.
Аудандық орталық ауруханада науқастарға жоспарлы түрде ота жасалады. Атап айтқанда, жыл басында
7 стенттеу отасы жасалды. Ауруханада бұрын-соңды мұндай оталар жасалмаған еді.
Алдағы кезде осындай ота түрлеріне тек Сарыағаш ауданының ғана емес, көрші аудандардың тұрғындары да жүгіне алады. Нақтырақ атап өтсек, Келес, Мақтаарал, Қазығұрт және Шардара аудандары тұрғындарына бірқатар ота түрлері бойынша Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына келуге болады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен мамандарды оқытып, біліктіліктерін арттырып, аудан тұрғындарына жан-жақты медициналық көмек көрсетуді жолға қойып отырмыз. Алдағы уақытта да медицина мамандарының озық жетістіктерін тиімді пайдалана отырып, адамдардың денсаулығын сақтау жолында еселі еңбек ете береміз.

Б.МЫРЗАЛИЕВ,
«Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы»  МКК-нің  бас дәрігері.

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*