Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық саласына баса мән берді. Ол: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек», деп атап өтті.
«Салауатты ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында ілкімді істер жүзеге асырылып отыр.
Осы орайда, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректорының кеңесшісі, балалар урологиясының танымал маманы, профессор, доктор Юнус Сөйлет, аталған оқу ордасының Клиника-диагностикалық орталығында «Гипоспадияны емдеудің заманауи тәсілдері» атты халықаралық мастер-класс көрсетті. Екі күнге жалғасқан халықаралық шеберлік сыныбы практикалық және теориялық бөліктен тұрды. Теориялық бөліктен соң профессор Юнус Сөйлет, балалар урологиясы тәжірибесінде таңдалған және күрделі жағдайлар бойынша КДО-ның операциялық блогында бірнеше оталар жасады.
Практикалық бөлікте өңіріміздің елді-мекендерінен келген науқастарға сәтті оталар жасалды. Айта кететін жайт, ота жасау кезінде КДО-ның бейне-оқу залында тікелей эфир арқылы курс қатысушылары ота барысын бақылап отырды. Мастер-класс соңында мамандар профессорға сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Сондай-ақ шеберлік сыныбын сәтті аяқтағандарға арнайы сертификаттар берілді.