Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету саласына Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында баса назар аударып келеді. Тұрғын үймен қамтамасыз ету – халық үшін ең өзекті мәселенің бірі.
Шымкентте соңғы бес жылда 3 миллион 700 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған және оның 2 миллионы соңғы екі жылда пайдалануға берілді, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Бүгінде тұрғын үй кешенін тұрғызу мақсатында құрылыс аумақтары айқындалып, инженерлік жүйелерді жобалау жұмыстары басталды.
— Ендігі кезектегі межеміз — жыл сайынғы тұрғын үй көлемін 2 миллион шаршы метрге жеткізу. Ол үшін құрылыс алаңын бірінші кезекте инфрақұрылыммен дер кезінде қамтуымыз қажет, — деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Астана қаласында өткен ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінінің баспасөз брифингінде.
Биыл мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 4 445 отбасы баспанамен қамтылады. Алайда мемлекеттік бағдарламадан тыс қалып отырған әлеуметтік санаттағы азаматтар да бар. Аталған санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін «Қамқор» жергілікті тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарламаның биылғы конкурсына 150 лимит бөлінген. «Қамқор» бағдарламасының шартына сәйкес, қатысушы азамат 20 миллион теңгеге дейін 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен баспаналы бола алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға 3 миллиард теңге бөлінді.
Айта кетейік, қалада 2025 жылға дейін жаңа заманауи перзентхана мен жеке инвесторлардың есебінен 800 орындық клиниканың құрылысын жүргізіп, 6 медициналық орталық ашу жоспарлануда. Биыл жеке инвесторлар есебінен 3 жаңа медициналық орталық ашылды. Соңғы 4 жылда 12 жеке медициналық орталық пайдалануға беріліп, қаладағы мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Жалпы, соңғы 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Осы бағытта атқарылып жатқан қыруар жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері қалада жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға, нәресте өлімі 20,6% — ға төмендеді. Ана өлімі тіркелмеген.