Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » Шымкентте бес жылда 900 шақырымнан астам жол жөнделді

Шымкентте бес жылда 900 шақырымнан астам жол жөнделді

Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып,  үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауда бірқатар шаруалар жүзеге асырылуда.

Шымкент қаласында бес жылда 900 шақырымнан астам жол жөнделді, деп хабарлайды jetpisbai.kz.

Соңғы 5 жылда ұзындығы 900 шақырымнан астам асфальтталған жол салынып, қаланың орталық бөлігіндегі ірі жолайрық пайдалануға берілді. Биылғы жылы қалаға кіреберістегі басты магистралды жолдағы жолайрықтың құрылысы, қаланың Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстыратын магистралды жолдың, қаланың транзиттік әлеуетін арттыратын Бәйдібек би-Арғынбеков жолайрығы, Оңтүстік және Шығыс айналма жолдары, Қонаев даңғылының 3-ші кезеңін, А-2 автомобиль жолының 2-ші кезеңін, Өтегенов көшесінің жалғасын, Темірлан тас жолы және А-2 автомобиль жолындағы үш жаяу жүргіншілер өткелдерін пайдалануға беру көзделіп отыр.

Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі өткен брифинг барысында мәлімдеді. Мұрат Дүйсенбекұлы халықты инфрақұрылыммен қамтуда бірінші кезекте, ауыз су, электр, табиғи газ мәселесін шешуге көңіл бөлінгенін жеткізді. Аталған мәселелер шешімін тапқан соң көлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп жатқанына тоқталды. – Салаға ауқымды қаражат қажет етуіне байланысты ірі жобалар кейінгі жылдарға шегеріліп келді. Көлік инфрақұрылымын дамытуға бөлінетін қаражаттың көлемін биыл 38,0 млрд теңгеге жеткізіп, 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге ұлғайтылды, — деді қала әкімі. Нәтижесінде мегаполисте жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54 пайыздан биыл 71 пайызға жеткізу көзделуде.

Айта кетейік, Шымкент қаласының аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде, қаланың магистралды және ішкі орам көшелерінің 2066,1 шақырымы асфальт жол. Бұл жолдардың асфальт үлесімен 63,6% пайызды құрайды. Ал қала меншігіндегі 1024 шақырым жол, яғни 31,5% пайызы шағал тас төселген көшелер. 2022 жылдың қорытындысымен қала аумағындағы жолдар мен елді мекендердің көшелеріне жол құрылыс жұмыстар 287,8 шақырымға жүргізілді. Ал, 2023 жылы 256,8 шақырым жолға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Ал жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 2022 жылы 67,4% пайызды құрады. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 71,2% пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Қаланың магистралды көшелері мен ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары 256,3 шақырымды құрайтын 152 нысанда немесе 294 көшеге жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал, 2023 жылы орташа жөндеу жұмыстарын 201,7 шақырымды құрайтын 253 көшеге жүргізу жоспарлануда.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*