Осы орайда бүгін Шымкентте қала күніне орай, С.Королева атындағы №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды jetpisbai.kz.
Үш жүз оқушыға арналған үш қабатты қосымша ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Спорт залы, жаттықтырушы бөлмесі, психолог пен логопед кабинетімен қамтылған нысан заманауи құралдармен жабдықталған. Қала күнімен тұспа-тұс келген ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Жазғы демалыс кезінде мұндағы мектеп жанынан балалар лагері ұйымдастырылған. Мектептен тыс уақытын тиімді пайдалану үшін лагерьге келген оқушылар бұл күні өз өнерлерін көрсетіп, қылқалам туындыларын ұсынды. Сондай-ақ, ән мен күйден әсерлі, әдемі көңіл-күй сыйлады. Жаңа корпуста күзет бөлмесі, асханадан бөлек, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар. Мұнан бөлек физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған.
Ал мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған. Осылайша қаламызда үш ауысымды мектептер мәселесі бірте-бірте биыл шешімін табатын болады. Айта кетейік, Шымкент жұртшылығы көптен күткен «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген Оқушылар сарайы бүгін Қала күніне орай қолданысқа берілді. Мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашады.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін жаңа алаңды аралап көрді. “2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы 3 өнер мектебін салуды жоспарлап отырмыз. Тұран шағынауданында қазір бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, алдағы уақытта әр ауданда Оқушылар сарайы іске қосылады. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жол ашады”, – деді М. Дүйсенбекұлы.
4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар.
Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабілетін дамытуға барлық жағдай жасалған.