Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында – келер жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыру. Қазіргі жұмыссыз жүрген жастарды кәсіппен баулып, жұмыспен қамту – ұлттың болашағына жасалып жатқан үлкен қадам.
Шымкент қаласында Президент тапсырмасына сәйкес, жастарға 2,5% несие беру бойынша комиссия отырысы өтті. Кезекті жиында 20-ға жуық үміткер комиссия өкілдері алдында бизнес-жобаларын қорғады. Мемлекетік қолдау 21-35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады.
–Қазіргі жастардың басым бөлігі қызмет көрсету, жүк тасымалдау мен ауыл шаруашылығы оның ішінде ет пен сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Бұл мемлекеттік бағдарлама науқаншылыққа ұласпаған дұрыс. Үміткерлер тек мемлекеттің жеңілдетілген несиесін «алып қалу керек» дегенді көздеп емес, ел ішінде шағын өнідірісті дамытып, бюджетке салық төлеп, халықты жұмыспен қамтуға үлес қосуды ниеттенсе екен. Десе де, бұл бағдарламаны нақты бағыттарға бөліп, критерийлерін әлі де болса, пісіру керек, — деді комиссияның төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев.
Шымкентте бүгінге дейін 278 жас кәсіпкердің құжаты қаралып, 129-ы комиссияның оң қорытындысын алған, 85 жас несиеге қол жеткізген. Несиеге кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қойылады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады.
–Бүгін комиссияға мал шарушылығы бойынша өз бизнес-жобамды ұсындым. Ол үшін биыл үйімізде 81 шаршы метр қора-жай салып, жылқыға қажетті орынды әзірледік. Жоба 12 жылқыға лайықталған. Алғашында бордақылаумен айналыссақ, алдағы жылы бие байлап, саумал саууды жоспарлап отырмыз, — дейді Нұршуақ шағын ауданының тұрғыны Жанна Адиева.