Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріне, қоғамдық кеңестердің, пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін өзгертуге айрықша назар аудару қажет. Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек, деп айтып өткен болатын.
Шымкент қаласында тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы қолға алынған еді. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыруды мақсат еткен.
Реновация бағдарламасы аясында Еңбекші ауданы Безделев көшесіндегі (72 а үй) тозығы жеткен 8 пәтерлі ескі тұрғын үйдің орнына 36 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Осы орайда бүгін ескі үйдің сүрілуіне байланысты 50-ге жуық тұрғынның көшу рәсімі ұйымдастырылды. Үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Жеке инвестор ескі үйдің орнына 7 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте «Shymkent» ӘКК» АҚ инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізген. Тұрғындардың уақытша пәтерлерге көшу, жалпы барлық шығындары инвестордың өз қаражаты есебінен төленеді.
Енді апатты жағдайдағы үйдің орнында «Ай-Барыс» көпқабатты жаңа тұрғын үй салынады. Бас мердігер «Adal toby» ЖШС құрылысты 2023 жылдың III тоқсанында бастауды жоспарлап отыр. Құрылысты 2024 жылдың IV тоқсанында аяқтау белгіленген. Тапсырыс беруші – «B like» ЖШС.
Қазіргі таңда тұрғындарға реновация бағдарламасы шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу – меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ- мен келісімшарт жасасады.