Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР – ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ»Жолдауындаеліміздегі азық-түліктің бағасының негізсіз өсуін сынға алған болатын. «Қазақстанның аграрлық әлеуеті туралы көп айтылады. Дегенмен АӨК саласында мәселе аз емес. Алдымен ол жөнсіз бағаның өсуі мен тауар өнеркәсібі жұмысын дұрыс үлестіру. Мен бұған дейін елімізде көтерме үйлестіру желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет жүзеге асу деңгейінде тұр. Ұсақ ауыл шаруашылық тауар өндіруді сол желімен қамтамасыз ету керек. Сол арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің өз шаруашылығы болады. Бұл салада монополияға жол жоқ», деді Қ. Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тауар өндірушілер баға тұрақтылығын сақтау үшін оларға арналған бірыңғай бақылаудың керектігін айтты.
Осы орайда, Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында арнайы комиссия құрылған болатын. Құзырлы мекеме мамандарымен жасақталған комиссия жыл басынан бері 63 отырыс өткізіп, 40-тан астам құқық бұзушылық фактілерін анықтаған. Аталған құқық бұзушылықтар жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кемшіліктер толығымен жойылды. Кәсіпкерлік субъектілерге хронометраждық зерттеу жүргізіліп,11 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ базар және сауда желілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатуға жол бермеу, бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, саудагерлердің нарықта сөз байласуына, заңсыз табыс табуына жол берілмейді. Бүгінде комиссия мүшелері өз жұмысын жалғастыруда.