Мемлекет басшысының Жолдауында елімізге инвестиция тарту мәселесіне де ерекше тоқталды. Елдегі экономикалық жағдай соған тікелей байланысты. Демек, бұл өңір басшыларының да тікелей міндетіне кірмек.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің қатысуымен өткен инвестициялық штаб жиынында жаңа жобалар мен өзекті мәселелер қаралды. Сондай-ақ, негізгі капиталға салынған инвестициялардың биылғы жылдың 7 айында орындалу барысы және алдағы 8 айға жоспары түзілді.
Сонымен бүгінгі отырыста 7 жоба мақұлданды. Айта айтқанда, әр түрлі тұрмыстық салада тұтынатын гидравликалық және резеңке шлангілер шығаратын зауыт құрылысы, құрылыс саласында қолданылатын эмульсиялық бояулар өндіретін зауыт, пластикалық құбырлар шығаратын зауыт, металл және профильді үй шатырларын өндіру цехының құрылысы, жиһаз зауыты «Жұлдыз» индустриалдық аймағында жүзеге асады. Алтыншы жоба ауыл шаруашылығындағы түйіршіктелген мал азығын өндіретін цех құрылысы «Бозарық» индустриалды аймағынан орын алады.
Сонымен қатар, отандық аяқ киім фабрикасының құрылысы «Оңтүстік» индустриалдық аймағында тіркелетін болды. Кәсіпорын қазір құжат рәсімдеу сатысында. Мұрат Дүйсенбекұлы жиын барысында жобалардың жыл соңына дейінгі көрсеткіштерінің өз деңгейінде сапалы орындалуына көңіл бөлуді тапсырды.
Айта кетейік, Қазіргі уақытта қала бойынша 524,7 миллиард теңгеге 143 жоба қаралып, сараптау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атайтын болсақ, 2023-2024 жылдар аралығында іске қосылуы жоспарланған түркиялық инвесторлардың бастамасымен сусындар зауыты, инвестициялық көлемі 5 миллиард теңгені құрайтын автоклавты газдалған бетон жасау зауыты, темірбетон бұйымдарын өндіру зауыты, сутегі тотығы өндіретін зауыттарының құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілу сатысында.