Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндетті жүктеген болатын.
Шымкентте қала мәслихатының сегізінші шақырылымдағы алтынша сессия отырысы өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен жиынның күн тәртібінде 9 мәселе қаралып, жылу маусымы мен жаңа оқу жылының дайындығы пысықталды. Алдымен бес ауданның әкімдеріне жүктелген функционалдық міндеттердің орындалу барысы баяндалды. Мінберде қала мәслихаты алдында есеп берген аудан әкімдері аумақтарда халыққа қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылыммен қамту, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы Мемлекет басшысының Жолдауы және қала әкімі бекіткен 5 жылдық даму жоспары негізінде атқарылып жатқанын айтты.
Қазір жаз мезгілінің соңғы айы. Шымкентте жылу маусымына дайындық жұмыстары да аяқталуға таяған. Мәслихаттың бірлескен отырысында қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембеков жылу маусымына дейін жоспарланған жұмыстардың барлығы толығымен атқарылып жатқанын айтты.
Қалада жылу жүйелерінің ұзындығы 838,6 шақырымды құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде оның 37 пайызы тозған. Осы тозу деңгейін төмендету үшін жергілікті және республикалық бюджеттен 6,3 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қаражаттың 3,2 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралып, биыл 8,8 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ал, республикалық бюджеттен бөлінген 3,1 млрд. теңгеге 3 жоба негізінде 8,7 шақырым жылу құбыры қайта құрудан өтуде. Қысқы дайындық үшін жөндеу жұмыстары осы жылдың 20 қыркүйегінде толық аяқталады.
Мұнан кейін қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева Шымкент қаласында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен жаңа оқу жылына дайындықтың барысын айтты.
Жаңа оқу жылында 28 мыңнан астам бала 1 сыныпқа қабылданыпты. Білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мақсатында биыл 48 білім мекемесі жаңадан пайдалануға берілсе, оның 15-і жалпы орта білім беретін мектеп. Осылайша үш ауысымда оқытатын 4 мектептің мәселесі толығымен шешіліп, 61 мектеп бір ауысымда білім беруге көшкен.
Жиын соңында қала әкімі Мұрат Әйтенов қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта құрып, аумақтарды дамыту, халықтың әлеуметтік мәселелерін барынша шешуге бағытталған жұмыстарды күшейту қажет екенін алға тартты.
–Осы міндеттерді сапалы орындау үшін аудан әкімдерінің ұсынысымен әр ауданнан коммуналдық мекемелер ашылып, оларға қажетті ресурстар мен қаржы берілді. Жылу маусымына дайындық жұмыстарын да пысықтап алдық. Әкімдік жылу маусымына дайындықты қызу атқарып, мәселелерді жүйелі түрде шешуде. Қаламызда урбанизация процесі қарқынды жүруіне байланысты оқушылар саны да жылдан-жылға артуда. Білім беру ұйымдарында орын тапшылығын жою үшін биыл 15 жаңа мектеп қолданысқа беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаламызда 2026 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланып отыр. Бүгінгі сессияды аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есебіне қатысты сын-ескертпелер назарға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз, — деп қала әкімі сессияны қорытындылады.