Мемлекет басшысы туризм саласына ден қою керегін үнемі тапсырып келеді. «Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен шетелдік және отандық БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін ақпараттық блог-тур өтті. Іс-шараның басты мақсаты – аумақтың туристік бағыт ретіндегі имиджін насихаттау, сонымен қатар экскурсиялық блог жүргізу бағыты арқылы келетін және отандық туристерді арттыру болып табылады.
Үш күнге жалғасқан шарада БАҚ-тың жетекші өкілдері және Әзірбайжан, Үндістан, Түркия, Франция, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның бірқатар өңірлерінен келген travel-блогерлер – Ұлы Жібек жолы сегментіндегі Шымкент қаласының бай тарихымен, өңір туризмінің гастрономиялық және өнеркәсіптік бағыттарымен танысты. Мамандар мұндай турдың пайдасы шет елдерде қала мәдениетін танытып қана қоймай, туристер санын да арттыратындығын айтады.
–Заманауи сәулет өнері, мұражайлар, саябақтар және жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығы және Қазақстанның ежелгі тарихымен, төл мәдениетімен танысу туристеріміздің қызығушылығын оятуда. «eQonaq» бірыңғай туристік ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша жарты жылда Шымкент қаласына 22 мыңнан астам шетелдік турист келген, бұл өткен жылғы жылдық ағынның көрсеткіштерінен асып түсті,– дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының басшысы Ерлан Омаров.
Бүгінде Шымкент қаласында Қазақстан облыстарымен 29 тікелей рейс, 7 тұрақты және 23 чартерлік халықаралық рейс бар. FlyArystan әуе компаниясы екі халықаралық бағытқа – Кутаиси мен Делиге тікелей рейстер қатынайды. Негізгі халықаралық рейстерден бөлек, Шымкенттен Астана арқылы Бакуге аптасына 2 рет, Анкараға аптасына 2 рет қосылатын рейстер де бар.
Айта кетейік, пайдалы көлік-логистикалық хабтың арқасында көптеген трансшекаралық туристік бағыттар Өзбекстан – Қазақстан – Қырғызстан бастапқы немесе соңғы нүкте ретінде Шымкентке баруды қамтиды. Сондықтан жыл сайын Шымкентке келуші туристер саны артып келеді.