Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ САЛАЛАРЫНДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ САЛАЛАРЫНДА ТҰРАҚТЫ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Жыл басында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып,  үшінші мегаполистің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарын таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Әйтеновке әлеуметтік мәселелерді шешу, қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, сондай-ақ Шымкент қаласын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар міндетті жүктеген болатын.
Биылғы 7 айда Шымкент қаласының экономикасының барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасынан хабарлады. Басқарма ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылғы қаңтар-шілде айларының аралығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 574 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,3 пайызды көрсеткен.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор екені белгілі. Атап айтқанда, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.
Бұдан бөлек Шымкентте өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты тағы 5 өндірістік алаң ашылады. Оның ішінде «Жұлдыз», «Бозарық», «Стандарт» индустриалды аймақтарын ашу және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық аймақтың аумағын кеңейтуге бағытталған жобалары бар.
Инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталуға таяп қалған «Жұлдыз» индустриялық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталған аймақта инвестициялық құны 147 млрд. теңге құрайтын, 42 жобаны іске асыру жұмыстары басталып кеткен. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7 млрд. теңге құрайтын, 400-ден аса жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу көзделуде.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*