Қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамту — күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылы бекітілген «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2023-2025 жылдар аралығында 3,3 милионнан астам азаматты, оның ішінде 2,3 млн жас маманды жұмысқа орналастыру көзделген.
Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыс беруші мекемелерде 760 адамды кәсіптік оқытудан өткізу жоспарланған. Жұмыс орындарында азаматтарға кәсіптік білім беріп, соңынан жұмысқа қабылдауға ниетті 35 жұмыс берушінің өтінімі бүгін комиссия отырысында қаралды.
Мекемелерден негізінен құрылыс жұмыстарының шебері, дәнекерлеуші, компьютер және түрлі техникалық құрал операторлары, балабақша қызметкерлері, тігіншілер мен жол-құрылысы көлігінің машинисі сынды мамандықтар бойынша кәсіптік білім беруге 2 мыңнан астам өтініш түсті.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында жұмыс беруші компаниялардың тәжірибесі, біліктілігі мен адамдарды оқыту және жұмыспен қамту қауқарлығы сараланды.
Жұмыс беруші компанияларды іріктеуде сондай-ақ олардың салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты түрде жүргізулері, жалақы бойынша берешегінің жоқтығы және бір жылдан аса қызмет ететін материалдық-техникалық базасының болуына назар аударылды.
— Біз бірінші кезекте азаматтардың еңбек құқығының қорғалуына мүдделіміз. Жұмыс беруші мекемелер де сол жауапкершілікті сезінулері тиіс. Олар оқытқан азаматтарын кемінде бір жыл жұмыспен қамтуға міндетті. Жұмыс берушілер арасында кезінде қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер де бар. Мемлекеттің қолдауымен аяққа тұрып, бүгінде жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға ниеттері қуантады, — деді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Жалпы, кәсіптік оқытудың ұзақтығы 3 ай мерзімді құрайды. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыссыз азаматты әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.