Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 6 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ 6 ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

ҚР Президенті қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», деп кеңінен айтып өткен болатын.

Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Биыл 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен

тиісті қаражат қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда.
Бүгін қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек жауапты басқарма басшыларымен бірге арнайы жиында жаңа мектептердің құрылыс барысын талқылады. Қазір қала аумағында 18 білім нысанының орны анықталған. Абай ауданында — 7, Әл-Фараби ауданында -1, Еңбекші ауданында — 2, Қаратау ауданында — 6, Тұран ауданында — 2 мектептің құрылысы бекітілді. Бүгінгі таңда 13-нің жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. Ал, қалған 5 нысанның жер учаскесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 4 ғимараттың құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтажына алуда тиісті шараларды атқаруда.
Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Сонымен қатар қосымша 2 579 педагог жұмыспен қамтылады.
Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған.
Қала әкімінің орынбасары құрылыс барысында осы артықшылықтарды назарға алуды, құрылыстарды мерзімінде аяқтауда өзекті мәселелерді жүйелі шешуді тапсырды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*