Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауында денсаулық саласына баса мән берді. Ол: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек», деп атап өтті.
Шымкент қаласының медицина мамандары Израиль мемлекетінде біліктілігін арттыруда. Бұл тәжірибе жинақтау жұмыстары үшінші мегаполис медицинасының сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Шет елде оқуда жүрген дәрігерлер жедел медициналық көмек, ана мен бала саулығын жақсарту мен емдеу жұмыстары бойынша шеберлігін шыңдауда. Оқыту жұмыстары екі аптаға жалғасады.
Айта кетейік, шымкенттік дәрігерлер ағымдағы жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында үш топ бойынша Израиль елінде тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Қазір бірінші топтағы мамандар аталған елдегі медициналық ұйымдарда кәсіби білімін жетілдіруде.
Израиль мемлекетінде білімін жетілдіретін топтың құрамында реаниматолог, пульмонолог, акушер-гинеколог, кардиолог, педиатр т.б дәрігерлерінен жинақталған 44 медицина қызметкері бар.
Айта кетейік, жуырда ғана Шымкентте туыстық трансплантация отасы сәтті өтті. Бұл жолы дәрігерлер 1986 жылғы науқасқа туған бауырының бүйрегін хирругиялық жолмен салып берді. Ағзасын алмастырған науқастың жағдайы қазір жақсы. Дәрігерлер ағзасын берген донорды бүгін ауруханадан үйіне шығарды.
Ағзасын алмастырған науқас 1986 жылғы қала тұрғыны, алты жылдан бері бүйрек жетіспеушілігі диагнозымен есепте тұрған. Отадан кейін пациент гемодиализге тәуелді болмай, қалыпты өмірге оралған.