Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеген болатын.
Шымкентте жұмыс берушілерден түскен өтінішке сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу сәтті аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталып, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісім-шарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндетті.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің талапқа сәйкестіктері сараланды. Мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен. Атап айтқанда, автомобиль жөндеу –дәнекерлеушісі, байланыс желілерінің электриктері, жол-құрылыс көлігінің машинисі, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппаратық құралдарының операторы, көкөніс өсіруші мен мерчендайзарлер секілді мамандық иелері сұранысқа ие.
Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы мен 2 АЕК, яғни 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет.