Мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана–сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда дамуына, жетілуіне сапалы жазғы демалыс қажет. Сондықтан жазғы демалыс кезінде балалардың ағзасын сауықтыруға, эмоционалдық, жеке тұлғалық, танымдық тұрғыда дамытумен қатар бала денсаулығымен өміріне қауіпсіз жағдай жасаудың маңызы орасан.
Балаларды жазғы сауықтыру лагерлерінің қызметі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» №ҚР ДСМ-78 бұйрығының талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.
Балалар келгенше барлық қала сыртындағы лагерлер санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін растайтын санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Тамақ дайындау және тамақтану шарттары мен қауіпсіздігі, су қоймалары мен бассейндерді қоса алғанда, тұру және демалу жағдайлары, ауыз су қауіпсіздігі тексеріледі. Ең маңызыдыларының бірі – тамақтандыру. Бұған ерекше көңіл бөлінген. Майға қуырылған тағамдар мен фаст-фудқа қатаң тыйым салынады. Ас мәзірі үйлестірілген, пайдалы әрі түрлі дәрумендерге толы болуы тиіс. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған кезде балаларды қала сыртындағы лагерлерге қабылдауға жол берілмейді.
Маусым басталмас бұрын лагердегі барлық үйлер жөнделіп, сырланып, қалыпқа келтірілуі тиіс. Аумақты абаттандырып, тазарту қажет. Аумақ пен үй-жайлар кеміргіштерге, жәндіктерге, кенелерге және қан сорғыштарға қарсы тазартылуы керек. Дезинфекция және дератизация жүргізілуі тиіс.
Түркістан облысында балаларға арналған жалпы 24 сауықтыру орындары бар. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басты назарында.
Лагерге келген балалар әртүрлі шараларға қатысып, ой-өрістерін дамытып, танымдық дүниелермен танысады. Жасөспірімдер мен балалардың жаз мезгілінде денсаулықтарының сауықтырылып, өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, шығармашылықтарын дамытып, өсіру — бүгінгі күннің басты міндеті.
Нұрбек Нышанов,
Түркістан облысының СЭБД басшысы