Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » Электрондық темекі (вейп) денсаулыққа өте қауіпті

Электрондық темекі (вейп) денсаулыққа өте қауіпті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел — вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі, электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі, бұл  – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін» деп шегелеп айтты. Мемлекет басшысының өзі ерекше мән беріп отырған мәселені жеңіл-желпі мәселе деп кім айта алады?
Жасыратыны жоқ, еліктеу жағына келгенде ешкімге есе жібермейміз. Кезінде аузы-мұрнынан бұрқ-бұрқ түтін шығарып тұратын үлкендерге еліктеген жастар, оның ішінде қыздар бүгінде көпшілік орындарда қымсынбастан темекі тартып отыратын болды. Ал, Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қаққандай, бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны үш есе көбейген. Демек, әр мектептегі ұлдардың 15 пайызы, қыздардың 6 пайызы электронды темекінің дәмін татқан болып шығады.
Сол электронды темекінің түтінімен тәбет ашатындар әуелгіде оны әуестікпен бастап, үйрене келе иіс шығармайтын әрі  никотині аз болғаннан соң тастай алмай жүргендерін алға тартады. Қыздар жағы да «түтін емес, бу жұтамыз» дегенді естіп, қорқор тартып дәнігіп қалғандары темекінің осы түріне ауысқандарын айтады.
Біздің жұмыс орнымыздың дәл іргесінде орталық саябақ бар. Үзіліс кезінде сонда барып бірауық тынығып қайтамыз. Әлдеқандай шаруамен шықсақ, саябақ арқылы жүргіміз келеді. Өйткені, бұл жер жанға сая әрі көпшілік жиі келетін орын болғандықтан таныстар кездесіп қалады. Думанды ортада көңілің бөлініп, бір сәт қамаулы ойдан арылып, жеңілдеп қаласың. Міне, сонда байқаймыз ғой, орындықтарда топталып отырған жасөспірімдер көбіне электронды темекі тартып, тығылыңқырап тұрады. Бірде жалғыз отырған жасөспірімге таяп келіп қалдық. «Қасыңнан орын табыла ма?» деп сұрадым. «Отырыңыз» деп қолындағысын жасырғысы келген жасөспірім ыңғайсызданғандай түр танытты.
– Бұған қашаннан әдеттеніп жүрсің? – деп сұрадым одан.
Түрлі-түсті фломастер секілді кішкентай құтысы бар вейпті ол сөмкесіне жасырып үлгерді. Әлден соң ашылды.
– Бүгінде балалар мұны сән үшін шегеді. Мен де әуелі солай бастағанмын. Кейін тастай алмай қалдым. Осылай ұрланып шегетінім бар. Бірақ, көп емес, – деп төмен қарады өзін Есбол деп таныстырған жасөспірім.
Біз оған шама-шарқымызша ақыл-кеңесімізді айттық. Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Мексика, Панама, Канада, Бразилия, Үндістан, Тайланд, Сингапур, Гонконг, Малайзия, Ливан, Филиппин, Катар сияқты әлемнің 32 елінде вейпті сатуға тыйым салынғанын алға тарттық. Егер вейп зиянсыз болса, бұл елдер оған тыйым салмас еді ғой.
Иә, дәрігерлер де мойындағандай, электронды темекілердің кәдуілгі шылымдарға қарағанда зияны аздау. Мұнда токсиндер, шайыр, басқа да зиянды қоспалар жоқ көрінеді. Жәй темекінің будақтаған түтіні айналасындағыларға жағымсыз әсер етеді ғой. Ал, электронды темекінің мұндай кері әсері жоқ.
Бірақ, бұл бергі жағы ғана. Зерттеушілер оның аса қауіпті екенін анықтаған. Айталық, сұйық түрдегі химиялық қоспа ауыз ұртында тез сорылып, қан жүйесіне тез түседі екен. Осыдан барып ми никотинмен уланады. Вейпті алғаш қолданған балалар есінен танып, құлап та қалады екен. Ал, ересектер никотинге тәуелді болып, вейпті тастай алмай қалады. Солай бола тұрса да вейптің қаптамасында мұның никотині жоқ деген белгі соғылады. Бұл – адамдарды алдау.
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын әлемде темекі тартудан 8 миллион адам қайтыс болады деген мәліметті көлденең тартады. Ал, Қазақстанда шылым шегуден жыл сайын 18 мыңға жуық адам о дүниеге аттанады екен. Темекінің өкпенің қатерлі ісігіне, өкпенің созылмалы обструктивті ауруына ұрындыратынын дәрігерлер жиі айтады. Сол сияқты демікпе, қан айналымы жүйесі, жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруы темекі әсерінен пайда болады. Сонымен бірге ағзаның инфекциямен күресу қабілеті төмендейді. Бұл аз десеңіз, вейптерді қолдану салдарынан эвейли ауруы (өкпенің зақымдалуы) пайда болады. Темекі адамның психикалық және мінез-құлық бұзылыстарына әкеледі. Мұндай науқастар қобалжып, көп ренжиді. Көңіл-күйлері құбылмалы келеді. Ашушаңдық байқалады. Тәбеттері жоғалып, бастары ауырады. Темекіге тәуелді болып қалған адам оны іздеп тұрады. Шекпесе басы шыңылдайды.
Қазір елімізде темекінің түрі көбейді. Шетелдерден шылымның неше түрі келіп жатады. Өкініштісі сол, біздің елімізде электронды темекілердің құрамында не бар екенін зерттейтін зертханалар да жоқ екен.
– Электронды темекі түтінінде көптеген зиянды заттар бар. Әрине, олар ағзаға өте қауіпті. Зиянды элементтер адам ағзасына бірте-бірте әсер етеді. Соңында қатерлі ісікке, онкологиялық ауруларға ұрындыруы мүмкін. Мұны ересектерге де, балаларға да қанша айтсақ та жүре тыңдайды. Ал, жасөспірімдер есеюдің жолы осы екен деп мұрындарынан, ауыздарынан түтін бұрқыратып жүргенді дәреже көреді. Егер ата-аналар балаларының темекіге әуес екенін байқаса, оның зиянды екенін айтып түсіндіруі керек. Ата-аналар ұл-қыздарының сөмкелерін, қалталарын жиі қарап тұрса да артықтық етпейді. Бұл жеткіншектер психикасына кері әсер етуі де мүмкін. Бірақ, тексерудің де түрлі амалдары бар ғой. Мәселен, балаларыңыздың киімін жуарда кір машинасына атып ұрмай, қалталарын тазалап шығыңыз. Егер қалтасында темекі не оның қиқымы табылса, демек, балаңыз шылым шегеді. Жалпы, денсаулығы мықты, санасы сергек перзент тәрбиелеу әрбір ата-ананың  басты борышы, – дейді бірінші дәрежелі дәрігер Қожаберген Аймағамбетов.
Темекінің қай түрін болса да жасы кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салынған. Алайда, пайданы ғана ойлаған дүкен сатушылары оларды кез келген жастағы оқушыға сата береді. Сондықтан, тиісті органдар бұл жағына да көз қырын салып қойса артықтық етпейді.
Жуырда Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, вейпке тыйым салу керек екенін жеткізген еді. Депутаттар сауалына  берілген жауапта қазіргі таңда Үкімет вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту мәселесін қарастырып жатқаны айтылды.
Мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, азаматтық қоғам мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жанындағы сараптама тобының отырысында вейп-өнімдерді таратуға шектеулерді күшейту бойынша түрлі ұсыныстар қаралды. Қазіргі уақытта вейп-өнімнің айналымына толық тыйым салуды көздейтін шаралар қарастырылып жатыр.
Мәжіліс қарауына енген денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасында «вейп» және «электрондық сигарет» ұғымдарын бөлу, жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын, олардың ішінде тұтынудың электрондық жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделіп отыр.
Қысқасы, вейпті аузы берік сейфке тығу керек.  Оларды айналымнан мүлде шығарып тастаған жөн.  Президент пәрмені осыған саяды.

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*