Жаз айларында, әсіресе, күннің шыжыған ыстық күндері үлкен-кішілер көшеде де, көлік ішінде де түрлі сусындар ішіп кетіп бара жатады. Сөз жоқ, денедегі сұйықтық құрамын қалыпты ұстап тұру үшін күніне кем дегенде екі литр су ішу керек. Бірақ, судың да суы бар. Адамдар, әсіресе, жастар көбіне газдалған сусындар ішеді. Оның зияны туралы ойлана бермейді?
Қазір елімізде қанты көп сусындарды тұтынудың салдарынан қант диабеті, семіздік және жүрек қан-тамырлары аурулары көбейіп барады. Мысалы, тек қант диабетіне шалдыққандар соңғы бес жылда 31 пайызға өсіп, 400 мыңға жуықтаған. Егер осылай жалғаса берсе, 2030 жылға қарай қант диабетімен ауыратындардың саны 1 миллионнан асады деп болжайды мамандар.
Газдалған сусынның денсаулыққа зияны туралы бұған дейін де талай айтылған болатын. Алайда бұл жолы ғалымдар тиянақты тәжірибе жүргізіп, адамның өмір сүру ұзақтығын анықтайтын хромосомаларды зерттеуге бел буды. Бұл хромосома аймағын — теломер деп атайды. Оның ұзындығы адамның қалай тез қартайып бара жатқанын көрсетеді. Сараптама барысында 5000 адамнан қан алынған. Олардың басым көпшілігінің теломерлері қысқа болып, газдалған сусындарды көп тұтынатындығы анықталды.
Газды сусын тұтынған адамдар мен темекі тартатын адамдардың өмірінің ұзақтығы бірдей деген болжам бар. Өйткені газды су тек қана ағза клеткаларын қартайтып қоймай, сонымен қатар жүрек ауруларына, қатерлі ісікке, диабетке шалдықтырады. Сондықтан газдалған сусындарды тұтынбай, оның орнына қарапайым қара су ішкендеріңіз абзал. Себебі оның денсаулыққа пайдасы мол.
Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалардың тісі шіріп, республикада семіздік белең алып барады. Елдегі 6 миллион баланың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20 пайызы артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы бес жылда жүрек қан-тамырлары аурулары 16 пайызға өсіпті. Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарларды қымбаттатқанда ғана оларды тұтыну азаяды деген үмітте. Сол себепті 2021-2023 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» бағдарламасы аясында өткен жылы 7 пайыз, ал, 2025 жылға салықты 45 пайызға жеткізуді ұсынып отыр.
Мынадай аптап ыстықта көшеге шықсаңыз, екінің бірінің қолынан Кока-Кола немесе газдалған сусын көресіз. Олардың жарнамалары да, кез келген жерде менмұндалап тұр. Бірақ, бұл жарнамаларда сусындардың ағзаға тигізер зияны туралы ештеңе айтылмайды.
Газдалған сусындардың көбісінің құрамында калория бар. Калориясы, соның ішінде қант құрамы жоғары тағамдар мен сусындар салмақтың артуына, семіздікке ұшыратады. Коланың бір құтысы жарты келі салмақ қосуға себеп болады. Яғни газдалған сусындарды жиі пайдалану семіздікке душар етеді. Екіншіден, мұндай сусын тісіңізді құртады. Газдалған сусындардың құрамындағы көп мөлшердегі қант пен қышқылдар тіс эмалін бұзады. Әрі қарай басқа да тіс аурулары пайда болады. Үшіншіден, бұл бүйрекке де зақым келтіреді. Газды сусындардың құрамында фосфор қышқылы көп. Ол бүйрекке тас жинайды. Төртіншіден, жүрек қан-тамырлары жүйесінің жұмысына да кері әсер етеді. Яғни 1 құты газды тәтті сусын инфарктың пайда болу қаупін 20 пайызға арттырады. Сондай-ақ, жүрек жұмысына, қан қысымына кері әсер етеді. Бесіншіден, фосфор қышқылы ағзадан кальций, магний, тағы басқа ағзаға қажетті минералдарды жуып тастайтындықтан, адамның сүйегі әлсіз, сынғыш келеді. Артрит, остеопорозға шалдығуы әбден мүмкін. Алтыншыдан, газды сусындардың құрамында бисфенол-А деген компонент болады. Ол – обыр ауруларының пайда болуына басты себепші. Сонымен қатар, репродуктивті функцияның бұзылуына әкеліп соғады.
Олай болса, газдалған сусындардан алыс жүрейік. Бүгінгі таңда шырындарға қосылатын химиялық қоспалар мен мөлшерден тыс қант ағзамызға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Оны балаларымыздың ішуіне жол бермейік. Сол себепті шырынды өзіміз қолдан жасап немесе сенімді жерден ішкеніміз дұрыс. Қазір азық-түлік дүкендерінде газдалған, газдалмаған сусындар қатар-қатар қаланып тұр. Түптеп келгенде, қымыз, қымыран, шұбат, айран, сүт, шалап, көже, ащымал сияқты ұлттық сусындардан артығы жоқ.
Ұлттық сусындарды көбірек тұтынсақ, денсаулығымыз да соғұрлым жақсара түседі.
Ең бастысы тәтті суға қызығып, өмірімізді өкінішке айналдырып алмайық. Осыны ұмытпайық.