Ана бақыты! Бұл – ақ босағаны аттаған әрбір келіншектің басты арманы. Өмірге бала әкелу, ана атану, сәбиіңнің құлдыраңдап ойнап жүргенін көру, түскен босағаңды шаттыққа шомылдыру, ауыл-аймақтың сүйікті келіні атану, міне, әйел затының негізгі арманы осылар болса керек. Гүлзира да ақ босағаны аттағанда осындай сезімде болды. Гүлзира – акушер-гинеколог. Ақ босағаны аттаған әр келіннің сәби сүйгенін жан жүрегімен қалап тұрады. Қазір экологиялық ахуал нашарлап кетті дейміз, басқа да себептер жеткілікті, тұрмыс құрғандарына бірнеше жыл өтсе де құрсақ көтере алмай жүрген келіндердің қарасы көбейіп бара жатқандығын жасыруға келмес. Сондайда аңсарлы арманын құндақтап біраз келін Гүлзираның алдына келеді. Олардың үміт шырағын жаға білу Мырзакент орталық ауруханасы әйелдер кеңесі бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Мархабаеваның кәсіби парызы һәм міндеті.
Былтыр ғой, Гүлзираның алдына ұрлана да ұяла жиырма бір келіншек кірді. Акушер-гинеколог оларды мұқият тексеріп көрді. Түрлі сараптамалар алды. Ойлана келе «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы оларға көмек көрсету керек деп шешті. Бұл ретте «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірқатар түйінді мәселелерді шешуге болады. Бүгінде медицина қарқынды дамып келеді дейміз. Бұл рас. Жоғарыдағы жиырма бір келіншектің он жетісі сәби сүю бақытына ие болды. Ал, биылғы бес айда оның алдына 13 келін келген. Солардың төртеуі бесік тойын өткізді. Ал, бесеуіне енелері құрсақ шашу тойын жасады. Тағы төрт келін бүгін-ертең шаңырағын шаттыққа бөлейді деп үміт артып отырған жай бар.
Перзентхана – үміт үйі. Бақыт баспалдағы. Мұнда алғаш босанғалы келген келіншектердің бойында аздаған қобалжу болары айтпаса да түсінікті. Мұндайда Гүлзира оларды сабырға шақырып, көңілдерін демдейтін сөз таба біледі. Дүниеге шыр етіп келген сәби даусын есту қандай бақыт десеңші! Анасының бал-бұл жанған жүзін, оның сәбиін құшырлана бауырына басқанын көру де бір бақыт. 2010 жылы Қ.А.Ясауи атындағы халық- аралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетін бітіріп келгелі Гүлзира мыңнан астам сәбидің кіндік шешесі атаныпты. Мың Қуаныш! Мың Тәубе!
– Осынау сезімді бастан кешіру қандай керемет?! Сондықтан мен мамандығымды дұрыс таңдағаныма қуанамын. Өмірге келген әр сәби маған қуаныш қана сыйламайды, тілмен айтып жеткізе алмайтын алапат сезім де береді. Әйелдер жаратылысы бөлек жандар ғой. Олар менен кеңес алуға жиі келеді. Мен оларға ана болудан асқан бақыт жоқтығын үнемі айтып отырамын, – дейді Гүлзира бізбен әңгімесінде.
Иә, кеңес беру, ақыл айту бар да, соны өзің жасап, көпке үлгі болу тағы бар. Бұл ретте Гүлзираның құтты қадамына және сүйсінесіз. Ол тұңғышы Жанарды 2010 жылы дүниеге әкелді. Мұнан соң Меруерт пен Маржан бір күнде жарық дүние есігін ашты! Аслан мен Жасұлан да егіз. Қатарынан екі рет егіз бала тапқан Гүлзира бүгінде ауыл-аймақтың үлгілі келіні.
Гүлзираның жолдасы Нарболат Исағұлов – Абай атындағы жалпы орта мектебінде география пәнінің мұғалімі. Жарасымды отбасыға ауыл-аймақтың үлкен-кішісі сүйсіне қарайды.
Гүлзира Мархабаева облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хатымен, Мақтаарал аудандық «Мырзакент» ауруханасы бас дәрігерінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
– Маған марапаттың үлкені – аналардың қуанышы! – дейді ол.
Оның бұл сөзіне біз де марқайып қалдық.
С.ОЛЖАБАЙ.