Жарнама жариялау құны: дайын материалды орналастыру – 30 мың теңге; 720х90 пиксельді баннер орналастыру – 140 мың теңге (30 күнге).
Главная » Көкейтесті » Жүрек ауруының алдын алыңыз

Жүрек ауруының алдын алыңыз

Жүрек-қан тамырлары ауруларын адам денсаулығының бірінші жауы деп орынды атайды. Өйткені, басқа ауруларға қарағанда, миокард инфаркті – жүрек-қан тамырлары сырқаттарының ішіндегі ең қатерлісі. Көпшілік арасында «инфаркт білдірмей жүреді де, уақыты келгенде тарпа бас салады» деген пікір бар. Бұл – жаңсақ пікір. Аталған дерт өзінің жүру процесінде талай сезіктер туғызады. Инфаркті уақытында аңғару адамды оның азабынан да, ажалдан да құтқарады.
Инфаркт неден болады? Біздің денеміздің қандай ағзасы, қандай жасушасы болса да қанмен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілгенде ғана үздіксіз жұмыс істейді. Ал, жүрек бұлшық еті қанның мол келіп тұруын кажет етеді. Жүрек бұлшық етін қоректендіріп тұратын артериялардың ішінде біреуінің саңылауы не тарылады, не мүлде бітеліп қалады, сондықтан оның бұл қоректен құр қалған жері жұмсарады да, бірте-бірте бұлшық еттің жиырылу қабілетін тежейтін тыртық пайда болады. Жүректің осындай зақымдануын инфаркт деп атайды.
Миокард инфарктінің пайда болуындағы негізгі себептердің бірі – атеросклероз. Мұнымен ауырғанда артериялардың    қабырғаларына май сияқты зат – холестерин, одан әрі тағы кальций тұздары өңездеп қалады. Тамырлар қатаяды, тарылады, бірқалыпты серпінділігінен айырылады. Атеросклероздың өңез түскен жерлерінде көбінесе жара пайда болады, қан қоюланады. Ұйыған қан, яғни тромбылар тамырларды бітеп тастайды да, жүрек бұлшық етін қанмен қамтамасыз ету өрескел нашарлайды. Бұл ауру қатты ашу-ыза кернегенде, қорыққанда, қалжырап шаршағанда және тағы сондай себептердің әсерінен артериялар едәуір тарылғанда да пайда болады.
Ал, инфаркттің белгілері қандай дегенге келсек, ауру көбінесе оң немесе сол қолға, кейде сол жақ жауырынға зардабын тигізеді, жүрек тұсы қатты ауырады да ұстама басталады. Жүрек бұлшық етін қанмен жабдықтау бұзылғандықтан, тері бозарып кетеді, суық тер шығады, адам қатты ентігеді. Жүрек талмасына шалдыққанда адам өзіне айрықша тыныштық керек екенін естен шығармауы қажет. Оған мән бермесе, зақымданған жүрек қабырғасының жарылып кетуі не оның томпайып, аневризма болуы мүмкін.
Емнің қонуы адамның дәрігерге қаншалықты тез қаралуына байланысты. Егер аурудың алдын алса, жүрек қызметін толық қалпына келтіруге болады.
Инфаркт болған адамды белгілі бір мезгілде тырп еткізбей қою керек деген пікір соңғы кезге дейін дұрыс пікір болып есептеліп келді.
Қазіргі кезде инфаркт болған адамды ауруханаға мүмкіндігінше ертерек жатқызу қажеттігі дәлелденіп отыр. Өйткені, мұнда қазіргі заманғы емдеу әдістерін қолдануға, мейлінше тыныштық сақтауға, асқынып кетудің алдын алуға мүмкіндік мол. Егер дәрігер инфаркт қатерлі деп санамаса, науқасты ауру ұстамасы басылған бойда автокөлікпен ауруханаға әкелу қажет.
Аурудан емделудің негізгі кезеңдері мен режимі жайлы ауру адам және оның төңірегіндегілер не білгені жөн? Дәрігер алдымен ауруды басуға және қан айналымының қатты бұзылуын тоқтатуға әрекет жасайды. Егер дәрінің көмегі болмаса, сүлік салады, жүрек тұсына қыша қағазын қояды, басқа да түрлі шаралар қолданады. Алғашқы екі-үш апта бойы төсек үстінде қатты қимылдауға болмайды. Төсекте ең кемі 4-6 апта, ауыр жағдайда 2 ай жатуға тура келеді.
Әрине, шалқадан осылайша ұзақ және қыбыр етпей жату өте қиын. Бірақ, мұндай жағдайды біраз жеңілдететін амал бар. Егер аурудың жағдайы қолайлы болса дәрігер екінші, үшінші аптаға қарағанда денені шынықтырып, жаттығу жасауға рұқсат етеді.
Инфаркт алған адам еңбек қабілетін сақтай ала ма? Әдетте, ауруынан жазылған адамдар үш-төрт айдан кейін бұрынғы жұмыстарына оралады, бірақ ауыр күш түсірмейтін, жүйке шаршатпайтын қызметте болуға тиіс. Егер емделіп шыққаннан кейін де инфаркт белгілері болса, стенокардия ұстамалары жиі болып тұрса, науқастың уақытша мүгедектікке ауысқаны жөн.
Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
Бұдан сақтандыру атеросклероз бен стенокардияның алдын алуға келіп тіреледі. Бір қалыпты заттар алмасуы бұзылса, холестерині мол азық-түлікті: жұмыртқаның сары уызын, майды, ет пен балықтың майлы өнімдерін, бауырды, мал майларын тұтынуды тежеген дұрыс. Сонымен қатар, сорпа, кофе, қою шай сияқтылардан аулақ болған жөн. Сүттен, көкөністен даярланған тамақтар мен С витамині мол сусындар науқасқа өте-мөте пайдалы.

 

Серік БЕКАСЫЛОВ,
Леңгір қалалық ауруханасының
кардиолог дәрігері.

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіздің почтаңыз көрінбейді. Толтыру міндетті *

*