Адалдықтың ақ туын желбіретіп, дәрігерлік ілімнің атасы болған Гиппократқа ант берген, денсаулық майданында науқастың өмірі үшін күресіп, ажал деген дүлейге қарсы тұратын ақ халатты абзал жандар – нағыз мамандық атаулының төресі һәм қаншама өмірлердің себепшісі. Берген антына адал, бар жұмысына жанын салып кірісетін, халықтың ықыласына бөленген мәртебелі маман иесі Абуов Нұралы Ералыұлы бүгінгі мақалаға арқау болмақ.
Абуов Нұралы Ералыұлы 1982 жылы 12 маусымда Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласындағы М.Мәметова атындағы №6 жалпы орта мектебін 1999 жылы бітіріп, бала шақтан болашаққа деген нық қадаммен Түркістан медициналық колледжіне фельдшер мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы аяқтаған. Бұл Нұралы Абуовтың медицина саласындағы алғашқы баспалдағы болатын.
Колледжді тәмамдағаннан кейін, Ұлттық Бірыңғай тестілеуге үміткер болып, 2002 жылы С.Жаппарұлы Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетіне оқуға түскен. 2005 жылы университет атауы С.Жаппарұлы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне ауысты. 2002-2007 жылдар аралығында аталған оқу ордасында білім алып, дәрігер мамандығы бойынша диплом алған. Университетте 5 жыл оқуының себебі, сол жылдары колледж бітірген түлектерге «жылдамдату оқу» курсы ашылған болатын. Медицина саласындағы білімі бұнымен тоқтаусыз қалмай осы оқу орнының интернатурасына хирургия саласы бойынша білімін одан әрі жетілдірді. Хурургия саласы бойынша 1 жыл оқып, 2008 жылы тәмамдаған. Негізгі мамандығы – дәрігер хирург. 2008 жылы интернатураны аяқтаған соң, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтының магистратурасына 2 жылдық күндізгі оқу бөліміне оқуға түскен. Магистратураны 2010 жылы аяқтап, «медицина менеджері» мамандығы бойынша диплом алған. Арман қалаға айналған Алматы қаласында тек оқумен ғана шектеліп қалмай 2004 жылы колледжді бітірген дипломының арқасында Алматы қаласындағы №4 қосалқы станцияда, яғни жедел жәрдем бөлімінде фельдшер маманы болып орналасқан. Магистратура бітіргеннен кейін, 2010 жылы жұмысын да аяқтаған. Дәрігер мамандығы бойынша дипломын алғаннан кейін дәрігер болып ауысып, жұмысын қайта жалғастырған. Жедел жәрдемде жедел қызмет атқарып, 5 жыл 8 ай осы салада жұмыс жасаған. 2010 жылы мемлекеттік бағдарламаны қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, орталық аудан ауруханасына дәрігер хирург болып жұмысқа орналасқан. Арада ұзақ уақыт өтпей, ол жерде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауысқан. Арада 1 жыл өткеннен кейін сол мекемеде бас дәрігердің ауысуына байланысты облыстық басшылықтың тағайындауымен бас дәрігері қызметіне орналасқан. 2012 жылы тамыз айынан бастап, 2015 жылдың мамыр айына бас дәрігер қызметін атқарып, «Дипломмен ауылға» бағдараламасының мерзімі аяқталуына байланысты туған жері Түркістанға оралған. Бұл бағдарламаның арқасында аудандық орталық ауруханаға жұмысқа орналасып , нәтижесінде үлкен тәжірибе жинаған. Қарапайым дәрігерлік өмірден бас дәрігер қызметіне дейін көтерілген. Бұл жұмысқа деген жауапкершілігінің, бар ықыласын жұмысына арнаған еңбектің нәтижесі.
2015 жылдан бері Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің клиникалық орталығында дәрігер қызметін атқарған. Қазіргі таңда хирург және уролог мамандығы бойынша жұмыс жасап келеді. Уролог мамандығын дәрігерлердің мамандығына ауыстырып оқу кезінде хирургия саласының ішінде урология саласын таңдап оқыған. Қазіргі таңда осы салада қызмет етеді. Сонымен қатар, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі қызметін атқарып келеді.
Нұралы ағамыздың өзі ғана емес аяулы жары да медицина саласынан алыс емес. Жұбайы Абуова Перизаттың осы саладағы еңбек жолы медбике қызметінен бастау алып, артынша психолог маманы болып жалғасын тауып,қазіргі кезде медколледжде мұғалім дәрежесіне дейін көтерілген, 18 жылдық еңбек өтілі бар маман. 2000- 2003 жылдары Түркістан медицина колледжін аяқтаған соң, қалалық орталық ауруханада кардиология бөлімінде жұмыс жасап, кейіннен диеталық медбике қызметіне ауысқан. 2005-2009 жылдары Алматы қаласындағы ҚазҰПУ Абай атындағы университетті психолог мамандығы бойынша тәмамдаған. 2006 жылы отау құрғаннан кейін, жолдасының оқуына байланысты 2007-2008 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясында диспетчер болып жұмыс жасаған. 2012 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы орталық аудан ауруханасында психолог мамандығын атқарған. 2016 жылы Түркістан қаласына көшіп келген соң, «Ақмарал» емханасында психолог қызметін 2021 жылға дейін жалғастырған. 2021 жылдың қыркүйек айынан бастап Түркістан жоғарғы медициналық колледжінде «мейіргер ісі» мамандығынан сабақ беріп келеді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, болашақ ақ халатты жандарға бар білгенімен бөлісіп, ұстаздық жолда тер төгіп келеді. Бүгінде отбасылы дәрігер мамандар 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Нұралы Абуов көпке үлгі боларлық жан. Адам өмірі үшін жанталасып барын салатын нағыз маман иесі. Халықтың ықыласына, ризашылығына бөленген, естігені тек алғыс болған Түркістандағы білікті мамандардың бірі. Келген науқастарына да, ұжымдастарына да абыройы асқақ, беделі биік жан. Дәрігер болу, адам өмірімен арпалысу жеңіл қарап қоя салатын дүние емес. Ерлі-зайыпты дәрігерлердің жеткен жетістіктері де аз емес. Екеуі де халық үшін еңбегін сарп еткен жандар. Еңбектеріңіз еленіп, қалың елдің ықыласына бөленіп жүре беріңіздер дейміз.
З.МАХАМБЕТӘЛИЕВА.